«AMANAT» партиясының Теректі аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Тілек Габдушев азаматтық қоғамдық қабылдау өткізді. Оған аудан әкімінің орынбасарлары Амангелді Тоғызбаев пен Ержан Досмақов қатысты. Сонымен қатар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Досанов, халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Руслан Хайруллин, аппарат басшысы Мирлан Еркибаев, аудандық орталық ауруханасының директоры Зейіл Мағзомов, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мирхат Ибраев болды.
Бетпе-бет жүздесуде Подстепный ауылының тұрғыны Ә.Мендіғалиева тұрақты жұмыс пен баспана мәселесін шешуді сұрады.
Сондай-ақ Жаңа Өмір ауылының тұрғыны, үшінші топ мүгедегі Р.Ермекова да тұрақты жұмыспен қамтыса екен дейді. Бұл мәселе бойынша аудан әкімдігі жұмыс ұсынып, алайда денсаулығына байланысты бас тартқан екен. Аудан басшысы Тілек Александрұлы Шаған ауылдық округінің әкімі М.Мұрзақаевқа осы кісіге жеңіл жұмыс тауып, айдың аяғына дейін орналастыруды тапсырғанын айта кетейік.
Ал Ақсауаттан келген М.Ищанов 30 шақты сүтті сиыр өсіріп отырғанын, дейтұрғанмен мал ұстауға жердің жоқтығын тілге тиек етті. Бұл шаруа хақында аудан әкімінің орынбасары Ержан Нұржанұлы кеңінен түсіндірді.
Кездесу барысында аудан басшысы тұрғындардың сан сауалына нақты жауап беріп, әр мәселе жауапсыз қалмайтынын айтты.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz