27.05.2022, 15:45
Оқылды: 127

Облыс әкімі Шыңғырлауда

Бүгін Шыңғырлау ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанованың тұрғындар алдында есептік кездесуі өтті. Бұл шараға облыс әкімі Ғали Есқалиев, облыстық мәслихат хатшысы Бибігүл Қонысбаева, облыстық басқарма басшылары, департамент, аудандық мекеме-бөлім басшылары, еңбек ардагерлері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, аудан тұрғындары мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

IMG_2788

Есептік кездесу 2021 жылы атқарылған іс-шараларды қамтыған бейнероликтің көрсетілімімен басталып, аудан әкімі Әлия Мұханбетжанованың баяндамасымен жалғасты. Баяндама барысында аудан әкімі жыл бойына тындырылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, алға қойылған нақты міндеттермен бөлісті.

Шыңғырлау ауданы үшін өткен 2021 жылы нәтижелі жыл болды деп айтуға болады. Ауданға инвестиция тартылып, әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңа нысандар бой көтерді. Жолдар күрделі жөндеуден өтті, шағын және орта бизнес саласында жаңа нысандар салынып, тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылды.

Аудан әкімінің айтуынша, 2022 жылы аудан бюджеті 6 млрд 766 млн. теңгені құрайды. Былтырғы жылмен салыстырғанда аудан бюджеті 24 пайызға өскен. Сонымен қатар, жыл соңына дейін жоспарға сәйкес аудан қазынасына 470 млн теңге көлемінде салық түссе, түсім өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға ұлғаймақ екен.

Ауылшаруашылық саласында да ауқымды істер атқарылған. 2021 жылдың көктемгі және күзгі далалық жұмыстарының қорытындысы бойынша, аудан шаруаларымен 11 мың 313 гектар аумаққа егіс салынды. Нәтижесінде, егілген 3 мың 616 гектар дәнді дақылдан 8 мың 271 тонна өнім жиналды.

Мал шаруашылығында да өткен жылдармен салыстырғанда өсім байқалады, атап айтқанда ірі қара мал басы 14%, құс – 0,9%-ға, жылқы–13%-ға, қой–ешкі – 14%-ға ұлғайған. Ауданда асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының саны жыл санап көбеюде. 2020 жылы16 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысса, 2021 жылы олардың саны 22-ге жетті.Өткен жылы асылдандыру жұмыстарын жүргізу үшін 142 шаруа құрылымдарына мемлекет тарапынан 249 млн теңге көлемінде субсидия төленсе, шаруа құрылымдарымен 66 жаңа техника сатып алынып, техникалық базалары жанартылды.

IMG_2753

- Экономикалық өсім қарқынына әсер ететін негізгі факторлардың бірі ауданға инвестиция тарту болып табылады. 2022 жылы жүзеге асырылатын бюджеттік инвестициялық жобалардың жалпы соммасы - 2 млрд 637 млн. теңгені құрайды. Ал, жеке инвестиция соммасы 2 млрд. теңгеден астам болады деген болжам бар,-дейді аудан әкімі өз баяндамасында.

Шыңғырлау ауданында жол мәселесі жылдан жылға оң шешімін тауып, жөнделген жолдардың саны артып келеді. Аудан орталығындағы көше жолдары мен ауыл арасындағы  жолдар күрделі жөндеуден өтіп, қатынас жеңілдей түсті. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстар әлі жалғасын таппақ. Атап айтқанда, екі жыл көлемінде Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай аудандық маңызы бар автомобиль жолының 105-110 шақырымына орташа жөндеу, осы жолдың 32 шақырымына күрделі жөңдеу және аудан орталығындағы 19 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі, яғни 17 шақырымына асфальт жабыны төселінетін болады.Жұмыстар толықтай жүзеге асқанда Шыңғырлау ауылының асфальт жабыны төселінген көлік жолдары 39 пайыздан 71 пайызға дейін артпақ екен. Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру үшін, яғни автокөлік жолдарын жөндеуді жүзеге асыру мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталып, сараптамадан өткізілгенін тілге тиек етті.

Жыл сайынғы есептік кездесулерде жиі көтерілетін мәселелердің бірі - Шоқтыбай ауылына таза ауыз су тарту болатын. Осы орайда, өткен жылы "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында Шыңғырлау ауылдық округіне қарасты Шоқтыбай елді мекенінде су құбырының құрылыс жұмыстары басталды. Екі жылға созылған су құбырының құрылыс жұмыстары осы жылдың тамыз айында аяқталатын болады. Бұл жұмыс аяқталған соң ауданды сумен қамту көрсеткіші 95 пайызды құрайды. Аудан орталығында тұрғын үй кезегінде тұрғандарға үй жетіспеу мәселесі де жиындарда жиі көтерілетін еді. Бұл мәселені шешу мақсатында өткен жылы Шыңғырлау ауылында «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында үш қабатты көппәтерлі тұрғын үй құрылысы басталды. «Басталған іс – біткен іс» демекші, құрылыс жұмыстары осы жылдың шілде – қыркүйек айларында жоспарға сәйкес аяқталады. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес нысандарының саны артуда. Өткен жылы ауданның бизнес субъектілерімен Шыңғырлау ауылында қонақ үй, Ақшат ауылында супермаркет құрылыстары аяқталып, халық игілігіне қолданысқа берілді. Биылғы жылдың өзінде Шыңғырлау ауылында «СапаФарм» дәріханасы, ХПП шағын ауданында көлік жөндеу станциясы ашылса, жыл соңына дейін аудан кәсіпкерлерімен автокөлік жуу-жөндеу орталығы, балалар ойын орталығы, жаңа типтегі дүкендер және тағы басқа бизнес объектілерін ашу көзделуде.

Аудан басшысы аудандағы кәсіпкерлік, білім, жұмыспен қамту, мәдениет, денсаулық, әлеуметтік және басқа саладағы игі шараларды саралап, өз баяндамасын қорытындылады.

Аудан әкімінің баяндамасынан кейін сөз алған облыс әкімі Ғали Есқалиев облыс көлемінде атқарылған жұмыстарды саралай келе, өңірімізге әлемде орын алған пандемияның әсері, еліміздегі жыл басында болған «Қаңтар оқиғасы», жалпы саяси жағдайға тоқталып, тұрғындардан түскен сұрақтарға жауап берді.

IMG_2857

Жалпы есептік кездесуде тұрғындардан түскен сұрақтар түрлі бағытта болды. Әлеуметтік желі арқылы қойылған 6 сұрақ-ұсыныста: өңірімізде бағаның өсуінің алдын алу, Алмаз ауылына кіреберіс 10 шақырым жолды жөндеу, елді мекендерде бұралқы иттердің көзін жою, Ақшат ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, Ақтау ауылының көпірін қалыпқа келтіру және Шыңғырлау ауылының А.Құнанбаев көшесіне техникалық су өткізу мәселелері қамтылған. Көтерілген мәселелерге облыс әкімі толық жауап беріп, қаражат мүмкіншілігіне байланысты шешілу жолдары қарастырылатынын хабарлады.

Ауыл тұрғыны С.Ульяров еліміздегі қаражат тапшылығына қарамай өңірімізде әлеуметтік маңызы зор мәселелер шешімін тауып, ауданда жолдар жөнделіп, жаңа нысандарда құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын айта отырып, жалдамалы үйлерді жекешелендіру, үй иелерінің баспанасын қалдық құнымен сатып алу мәселесін көтерді. Бұл орайда облыс әкімі нарықтық баға мен қалдық баға арасындағы айырмашылықты саралай келе, тиісті сала басшыларына заң аясында шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Самат Байболаттың Шыңғырлау ауылында таза ауыз су мәселесі оң шешімін тапқанымен, жаз айларында тұрғындардың ауыз суды аса көп қолдануының нәтижесінде ауылдың кей көшелеріне су дұрыс бармау мәселесіне облыс басшысы тозығы жеткен су мұнарасын ауыстырып, резервуар орнатуға қаражат қарастырылатынан айта отырып, ауыл тұрғындарын суды үнемдеуге шақырды. Келесі кезекте Ақшат ауылында ескі электр сымдарын ауыстыру, мәдениет үйге күрделі жөндеу жүргізу, жайылымдық жер алу, сонымен қатар егістік жерді жайылымдық жерге ауыстыруда құжаттырды рәсімдеу жолын жеңілдету, мектептерді жабуға жол бермеу секілді мәселелер көтерілді. Барлық сұрақтарға облыс әкімі Ғали Нәжімиденұлы жауап беріп, көтерілген мәселелердің шешілу жолдары қарастырылатынын хабарлады.

Жиын соңында облыс әкімі Ғали Есқалиев жұртшылықтың аманатын жеткізген аудан белсенділері мен тұрғындарға ризашылық сезімін білдірді. Жалпы, аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды мұқият тыңдаған ол халық игілігі үшін жасалып жатқан шаралар көңіл толатынын тілге тиек етіп, ағымдағы жылы да басталған шаруалардың тиянақты аяқталарына сенім білдірді.

IMG_3034

Есептік жиыннан соң Ғали Нәжімиденұлы және облыстық басқарма басшылары аудан тұрғындарына жеке сұрақтары бойынша қабылдау жүргізді.

 

Аман Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале