30.05.2022, 15:15
Оқылды: 144

Жусандыой – әлеуеті жоғары округ

Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев таяуда Жусандыой ауылдық округінде болып, ауыл тұрғындарымен жүздесті. Аудан басшысы алдымен алдағы референдумға байланысты округтегі сайлау учаскесінің дайындық барысымен және ауылдық дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты.

2

Халықпен кездесу жиынында ауылдық округ әкімі Бекболат Бақытжановтың жыл басынан бері атқарылған есебі тыңдалды.

Округ әкімінің айтуы бойынша, Ханкөл ауылынан  60 орындық шағын жинақты мектеп салу үшін Құрманғалиев көшесінің бойынан жер аумағын анықтау туралы акт жасақталып, жер телімі нақтыланып, аудандық білім беру бөліміне берілген. Қаражат мәселесі шешіліп жаңа мектеп салынған жағдайда ескі мектепті балабақша етіп жасақтау жоспарда бар.

Ханкөлден  Самара-Шымкент тас  жолына дейінгі автокөлік жолын күрделі жөндеуге ұсыныс беріліпті.

Жусандыой ауылындағы «Қазпошта» мекемесіне қызметкер алынып, округ әкімішілігі ғимаратынан қызметтік орын беріліп, қызметін жүйелі атқарып тұр.

Қазіргі уақытта Жусандыой ауылында - 29, Ханкөл ауылында 45 дана көше шамдары жанып тұр. Есепті мерзім ішінде Жусандыой ауылы, Абай көшесіне көше шамдарын орнату жоспарланып, жер телімі нақтыланып, жер актісі  жасалуда.

Жол мәселесі бойынша биылғы жылдың І тоқсанында Қаратөбе-Жусандой-Ханкөл ауылдарын байланыстыратын автокөлік жолдары қыс мезгілінде қардан тазартылып, жол қатынасы үзілген жоқ, ауылішілік жолдарды қардан аршу, күтіп ұстау мақсатында округ аумағындағы «Ақжол», «Сәтжан», «Думан» шаруа қожалықтарымен меморандум жасақталып, ауылішілік жолдар уақытында қардан тазартылып отырған.

Ауылдық округ әкімінің баяндамасынан кейін аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы халықпен кездесу жиындары тоқсан сайын өткізіліп тұратындығын атап өтті. Аудан әкімі өз сөзінде ауылдық округтегі ең негізгі және өзекті мәселелеріне тоқталып өтті.

3

Тұрғындармен кездесуде бұған дейінгі жиындарда округ бойынша көтерілген мәселелердің шешілуі турасында баяндаған аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев:

– Ханкөл ауылына мектеп салу мәселесі бойынша барлық құжаттары тиісті орындарға жолданды. Мектеп салынған жағдайда бұрынғы мектепті балабақшаға айналдыру көзделіп отыр. Ханкөл ауылынан Самара-Шмкент трассасына дейінгі жолды жөндеуден өткізу туралы жоспарымызды облысқа ұсындық. Жусандыой округінде мал өсіру мәселесі жақсы жолға қойылған. Қожалықтардың техника алу көрсеткіші де жоғары. Бұл дегеніңіз округтің әлеуметтік жағдайының жақсы екендігін көрсетеді,- деді.

Жиын барысында сөз сөйлеген Ханкөл ауылының тұрғыны Ғабдырахман Бисеғұлов биыл жауын-шашынның мол болуынан шөптің шығымы жақсы екенін атап өтіп, жаз мезгілінде далалық өрттерді болдырмау мақсатында қамдану қажеттігін айтты. Ауыл ақсақалы Сағат Нұриев те сөз сөйлеп, аудан және ауылдық округ әкімдерінің жұмысына оң баға беретіндігін жеткізді.

Аудан әкімінің тұрғындарға есеп беру жиынына аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Меңдешов, аудан прокуроры Алмас Таспихов, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов және дербес бөлім басшылары қатысты.

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале