31.05.2022, 18:27
Оқылды: 40

Мәжіліс депутатымен кездесті

Бүгін Жәнібек аудандық мәдениет үйінде аудан орталығындағы мекеме-ұйымдардың ұжымдары мен жұртшылық өкілдері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәлік Құлшармен кездесті.

8A4D16E9-B769-492E-A307-A3F773591E63

Жиынды «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Біржан Қуанәлиев ашып, сөз кезегін Мәжіліс депутатына берді. Мәлік Иманқұлұлы жиынға қатысушы жерлестерін жақында өткен ауданның 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, Ата Заңға енгізілетін өзгерістер туралы түсінік берді.

-Алдағы референдумда Конституцияға енгізілетін негізгі бағыттарға тоқталайын. Бұдан бұрын айтылғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясының соңғы съезінде партия төрағалығынан өз еркімен бас тартты. Алдағы уақытта Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға байланысты Президенттің жақын тума-туысқандары басшылық қызметтерде бола алмайды. Билік өкілдігіне сәйкес Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайтуға шешім қабылданды. Оның 5 депутатын Қазақстан халқы ассамблеясы сайламайды, ұсынатын болады. Жалпы, мәжіліс депутаттарының саны 107-ден 98-ге дейін азаяды. Заңда жер қойнауы, су, өсімдік, жануарлар дүниесі мен табиғат ресурстары халыққа тиесілі екендігі айтылады. Азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесі жетілдіріліп, Конституциялық кеңестің орнына Конституциялық сот құрылатын болады. Азаматтардың конституциялық сотқа жүгінуі олардың құқықтары мен бостандықтарын тікелей қорғауға мүмкіндік береді. Өлім жазасы алынып тасталып, оның орнына өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы енгізіледі. Ауыл, аудан, қала әкімдерін халықтың өздері сайлайды. Егер Парламенттегі депутаттың жұмысы елдің көңілінен шықпаса, оның мандатын сайлаушылардың кері қайтарып алуға құқығы бар. 1995 жылы қабылданған конституцияға төрт рет өзгеріс енгізілген болатын. Енді әйелдердің зейнет жасын төмендетуге қатысты айтар болсам, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоқжановтың төрағалығымен жұмыс тобы құрылып, бұл бағытта зерттеу-зерделеу жұмыстары жүріп жатыр. 5 маусым күні ауданның әрбір тұрғыны референдумға қатысып, өзінің азаматтық ұстанымын білдіруі керек. Осы күні баршаңызды референдум учаскесіне келіп, ел тағдырын айқындайтын маңызды шараға қатысуға шақырамын! – деді Мәлік Иманқұлұлы.

Бұдан кейін Мәжіліс депутаты жиынға қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

А.Құсайынов,

Жәнібек ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале