1.06.2022, 13:00
Оқылды: 20

Ақтөбеде жоғалған бала қараусыз қалған элеватордан табылды

Ақтөбеде ойнауға кетіп, үйіне оралмаған бала ескі элеватордың астық сақтайтын резервуарынан табылды. Қазір ол аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

6

Оқиға кеше болды. Ақтөбе қаласындағы Жанқожа батыр көшесінде тұратын 9 жастағы бала ауладан шығып, ойнап кеткен. Кейін ата-анасы полицияға қоңырау шалған. 102 нөміріне хабарлама сағат 23:31-де түскен. Бірден іздестіру жұмысы басталды.

«Полиция қызметкерлері кешенді іздестіру шараларын жүргізіп, баланың болуы мүмкін жерлерді қарап шықты. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция инспекторлары элеватор ғимаратын тексеріп, тереңдігі 10 метр болатын резервуардан тапты. Жағдайы өте нашар болды. Полиция қызметкерлері мен құтқарушылар баланы резервуардан көтеріп шығарды. Кәмелетке толмаған бала балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Ақтөбе облысы ПД ата-аналардан балаларды қараусыз қалдырмауды сұрайды. Балаларға құрылыс алаңдары мен қараусыз қалған ғимараттар аумағында жүрудің ережесін үйрету керек. Ата-аналар балаларының қай уақытта, қай жерде жүргенін бақылауы қажет», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Ақтөбе облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сағидолла Досмағамбетовтің айтуынша, түнде ауруханаға жеткізілген баланың жағдайы ауыр.

«Баланы жедел жәрдем бригадасы ес-түзсіз жеткізді. Оны бірден жансақтау бөліміне жатқызып, нейрохирург, травматолог, хирург және реаниматолог қарады. Тоңып қалған. КТ-ға түсірген соң диагноз қойылды. Жабық бас-ми жарақатын алған. Бірнеше сүйегі сынған. Бүйрегі зақымданған. Жамбас сүйегі сынған. Баланың жағдайы ауыр. Жасанды тыныс алу аппаратына қосылды», - деп хабарлады облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале