Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жеке инвестицияларды ынталандыру қажет. Бұл ұсынысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ғылымды дамыған елдермен бірдей қаржыландыру деңгейіне қол жеткізу мақсатында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жеке инвестицияларды ынталандыру қажет. Мемлекеттік бюджет, жер қойнауын пайдаланушылар және ұлттық компаниялардың қаражатымен қатар, ірі жеке сектор – индустриялық корпорациялар мен басқа да ұйымдар ғылымды қаржыландырудың негізгі көзі болуы керек», - деді ҚР Президенті Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты сессияда сөйлеген сөзінде.
Президент «Самұрық-Қазына» қоры жанынан ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы құрылғанын еске салды. Бұл орталық ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу үшін ғылыми қоғамдастықпен жүйелі ынтымақтастықта болады.
«Жер қойнауын пайдаланушылардың пайдалы қазбаларды өндіру шығындарының 1% мөлшерінде ғылыми-зерттеу мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) бөлінетін қаражатын аударудың ашықтығын қамтамасыз ету жұмыстары да жүріп жатыр. ҒЗТКЖ-ға жеке инвестициялар үшін неғұрлым кең салықтық және инвестициялық басымдықтар беріп, жаңа ғылыми орталықтар құратын уақыт келді деп санаймын. Бұдан басқа, ғылыми-зерттеу қызметіне де ҒЗТКЖ-ны қаржыландыра алатын жергілікті атқарушы органдарды тарту қажет. Жергілікті жерлердегі ғылым негізінен өңірлер экономикасының басты назарында тұрған проблемаларды шешуге бағытталуы тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.