1.06.2022, 18:00
Оқылды: 151

Балалар мерекесі аталып өтті

Биыл еліміз үшін ерекше жыл. Ерекшелілігі сол – болашағымыз, ұрпағымызға, балғын жүрек балаларымызға арналған жыл. Жыл басталғалы «Балалар жылы» аясында елімізде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Ал жайдарлы жаздың алғашқы күнімен қатар келетін 1 маусым -  Халықаралық балаларды қорғау күні Бөрлі ауданында да кең көлемде тойланды. Мереке биыл бірінші жыл шаһардағы ең үлкен Наурыз бульварында аталып өтілді.

IMG-20220601-WA0066

Балалықтың бал дәуренін бастан кешіріп, алаңсыз ойнап-күліп, асыр салған балғындар түрлі шараларға қатысып, сыйлықтармен марапатталды.

Аудандағы ірілі-ұсақты кәсіпорындар мен фирмалар да бұл күні балалардың көңілінен шығуға тырысты. Айталық, ҚПО б.в. компаниясы «Жол ережесін сақтаймыз» атты шара өткізді. Шарада балғындар заманауи әндерге би билеп, түрлі мультфильм кейіпкерлерімен бірге көңіл көтерді. Компания өткізген шара жол қауіпсіздігін сақтау бағытында болғандықтан, жол ережесі туралы түрлі сұрақтар қойылып, жұмбақ шешу сайыстары, жол қауіпсіздігі ережелерін білу, сурет салу, эссе жазу, отбасылық сайыстар өткізілді. Шараға қатысқан әрбір бала сыйлық алып, мерекені қызықтады.

IMG-20220601-WA0068

Ал аудандық спорт бөлімі қалалық сегіз мектептің 40сынып оқушылары арасында «Көңілді старт» байқауын ұйымдастырды. Көңілді байқаулардан сүрінбей өткен балғындар ұйымдастырушылар тарапынан сыйлықтарға ие болды

Ал мерекенің басты сахнасында аудандық демалу орталығының ұйымдастыруымен өткен «Бақытты балалық шақ» атты мерекелік концерт жоғары дәрежеде өтті. Мәдениет үйінің, қосымша білім беру мекемелерінің, «Сапа» өнер орталығының әншілері мен талай додаларда топ жарып жүрген шәкірттерінің орындауындағы әндер мен билер көпшіліктің көңілінен шықты.

Бұл күні аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Біз әлемді сүйеміз» атты асфальтқа сурет салу байқауы да өтті. «Бала қиялы шексіз ғой. Балалардың барлығы ең әуелі күлімдеген күнді салады. Содан кейін көк байрағымызды, ата-аналарын, түрлі-түсті  гүлдер мен шарлардың суретін бейнелейді» - дейді ұйымдыстырушылар.

Ал, аудандық №9 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері «Өрт қауіпсіздігі» шарасын ұйымдастырды. Онда төтеншеліктер ауданымыздың кішкентай тұрғындарына судағы қауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі тақырыбында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, балаларға үлкендердің қарауынсыз суға шомылуға болмайтынын, сіріңкемен ойнау өте қауіпті екенін ескертті.

Мерекеде ертегі кейіпкерлерінің кейіпіне енген аудандық демалу орталығының қызметкерлері көптің көңілінен шықты. Әр тұрғынмен суретке түсіп, көңілдерін көтерген кейіпкерлер балғындарға зор қуаныш сыйлады. Балалардың сүйікті мультфилімдерінің суреттері бірнеше жерге қойылып, балалар түрлі кейіпкердің рөліне еніп, суретке түсуге мүмкіндік алды.

Қызық пен шаттыққа толы болған жарқын мереке әр баланың жүзіне күлкі сыйлады. Бір қызығы мереке тек балаларға ғана емес, үлкендерге де тамаша әсер қалдырды.

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале