«Германиядағы Кеңес әскерінің тобы (ГКӘТ) мен Варшава келісімшарт әскерінің ардагерлер тобы» республикалық қоғамдық бірлестігінің референдумды қолдау штабының мүшелері М.Өтемісов атындағы БҚУ студенттерімен кездесу өткізді. Жиында ардагерлер кеңесінің төрағасы Ұ.Жақсылықов, штаб мүшелері Қ.Абдушев, М.Ережепов мемлекеттік реформаларды жүзеге асыру үшін қолға алынған маңызды іс-шараға бір кісідей атсалысу керектігі туралы ойларын ортаға салды.
– Бұл – ел дамуының жаңа кезеңінің басталғанын көрсетеді. Кон-ституцияда 93 баптың 33 тармағы өзгертілмек деп атап көрсетілді. Мемлекет басшысы ұсынған реформалар Қазақстанның стратегиялық болашағын айқындайды. Президент пен халықтың мақсаты ортақ, көздегені бір. Сол себепті референдумға қатысу – бәріміздің борышымыз. Біз маңызды тарихи кезеңнің қарсаңында тұрмыз. Біздің шешіміміз ел ертеңіне, келешек ұрпақтың, жастардың тағдырына тікелей ықпал етеді, – деп атап көрсетті ардагерлер.
Бұдан әрі кездесу сұрақ-жауап, өзара пікір-таласқа ұласты. Пікір білдіруші студенттер дауыс беру тұрғылықты мекенжай мәселесіне келіп тірелетінін, көбінің жалдамалы пәтерде тұрып, әлі күнге өз аудандарынан тіркеуден шықпағандарын сөз етті. Олар дауыс беру үшін 500-600 шақырым жерге барып, келудің оңайға түспейтінін, бұл арада қаржыдан қиналатындары туралы мәселе қозғады. Оқытушылар мен студенттер Жаңа Қазақстанды құрудың алғашқы қадамы осы референдум екенін түсінетіндерін және 5 маусым күні ел мүддесіне сай бастаманы қолдап, референдумда дауыс беретіндерін айтты.
Зарлық Мусин,
ГКӘТ ардагері,
Орал қаласы