6.06.2022, 11:00
Оқылды: 271

Маймыл шешегі

Жаһан халқы коронавирустан толық айықпай жатып, тағы бір індетке шалдықты. Өткен ғасырдың соңында Африкада пайда болған маймыл шешегі ауруы бүгінде 16 елде таралып үлгерді. Қазірдің өзінде 250-ден астам адам жұқтырған. Бұл мамандардың алаңдаушылығын туғызып отыр. «Жалпы маймыл шешегі ауруы қалай таралады, белгілері қандай, қаншалықты қауіпті?» деген сауалдар төңірегінде қолда бар деректерді жинап, негізгі сұрақтарға жауап беруге тырысамыз. 

1626887331_monkeypox (2)

Кесел қалай жұғады?

Қазір әлемде маймылдан адамға шешек ауруы жұғуда. Бұл вирустың COVID-19-дан айырмашылығы - вирус адамға ауа арқылы жұқпайды. Маймыл шешегі науқаспен жақын байланыста болып, оның бөрткен терісіне денесі тиген адамдарда ғана анықталуда. Індет бойынша бірінші жағдай 7 мамырда Ұлыбританияда анықталған. Кейін  небәрі 10 күнде індет АҚШ, Канада, Аустралия және Еуропаның бірқатар еліне тараған.

Маймыл шешегі – сирек кездесетін вирустық зооноздық ауру (яғни адамға жануарлардан беріледі). Оны жұқтырған адамда бұрын шешекпен ауырған науқастардың симптомына ұқсас белгілер байқалады. 1980 жылы шешек жойылғаннан кейін және вариола вакциналарын қолдану тоқтатылғаннан соң маймыл шешегі басқа ортопоксвирустар арасында адамдар үшін ең патогенді орынға шықты. Маймыл шешегі ауруы әлі күнге дейін Африканың тропикалық орманы көп аймақтарында кездеседі. Ауру көп жағдайда қан арқылы, денеден бөлінетін сұйықтықтар (тер, қан, түкірік) және ауру жануардың зақымдалған терісі немесе шырышты қабаттары арқылы беріледі. Яғни науқас адамның түкірігі мен сілекейі екінші адамның ішіне түссе, ауру жұқтырады. Алайда маймыл шешегін жұқтырудың ең басты себебі – ауру жануардың етін жеу. Ауру жұқтыру жиілігі жағынан екінші орында – тыныс алу жолдары арқылы. Тіпті науқас қолданған ыдыс-аяқ, киімі, ұстаған заттары мен төсек-орны арқылы да жұғуы мүмкін. Вирус көбіне иммунитеті төмен адамдар мен балаларға тез  жұғады. Маймыл шешегінің инкубациялық кезеңі әдетте 6 күннен 16 күнге дейін, сирек жағдайда 21 күнге дейін жетуі мүмкін. Ауру жедел әрі кенеттен басталады. Науқастың, ең алдымен дене температурасы жоғарылайды. Аурудың негізгі белгілеріне дене температурасының көтерілуі, қалтырау, бас ауру, әлсіздік, терісінің бөртуі жатады. Денесінде бөртпелер толып кетуі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегінің коронавирус инфекциясы секілді өршіп кетуі мүмкін екенін ескертіп, вакциналауды ұсынды. Алайда әзірге вирусқа қарсы мақұлданған арнайы екпе жоқ.

Карантин енгізіле бастады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, бұл вирус бұрын маймыл шешегі инфекциясы тіркелмеген елдерде өршіп отыр. Ғалымдар инфекцияның Африкадан басқа елдерге қалай таралғанын зерттеп, вирустың құрылымында өзгеріс бар-жоғын тексеруде. Әзірге маймыл шешегі инфекциясына шалдыққан науқастар Ұлыбритания, Испания мен Португалияда көп тіркелген. Вирус Канада мен Австралияға да жеткен, Бостонда маймыл шешегі инфекциясын жұқтырған бір науқас анықталған. АҚШ денсаулық сақтау министрлігі алдағы уақытта елде аталған инфекция түрін жұқтырғандар көбеюі мүмкін екенін айтады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері жаз мезгілінде адамдар түрлі фестиваль, сауық кештері мен мерекелік шараларға көп жиналатындықтан, Еуропа мен бірқатар мемлекетте вирус өршуі мүмкін деп қауіптенеді.

22 мамыр күні Бельгияда маймыл шешегінің үш жағдайы тіркелгеннен кейін елдің денсаулық сақтау құрылымы 21 күндік карантин енгізді. Бұл ауруды жұқтырған науқастар үш апта бойы өзін-өзі оқшаулауға мәжбүр. Науқастармен байланыста болған адамдар әлі оқшауланған жоқ, бірақ оларға ауру белгісі байқалғанда дереу хабар беру жөнінде ескертілген.

Қамсыз отыруға болмайды

Қазақстанда маймыл шешегі тіркелген жоқ. Десе де, қауіпті вирустың алдын алу қажеттігін қазақстандық мамандар жете түсінеді. Олар маймыл шешегіне қарсы отандық вакцинаны жасап шығуға жарты жылдай уақыт кететінін айтады.

«Маймыл шешегі вирусының таралуы күн санап артып келеді. Бір аптаның ішінде науқастардың саны екі есеге артып отыр. Бұл қауіпті вирустың Қазақстанға келуі де ықтимал. Өйткені біздің туристер Сауд Арабиясына, Түркияға немесе Африка мен өзге де елдерге жиі саяхаттайды. Сондықтан «Жаман айтпай, жақсы жоқ», қауіпті вирус келе қалған жағдайда біз тастүйін дайын болуымыз керек. Қазақ биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми зерттеу институтының мамандары коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны ойлап тапқанын білесіздер. Енді олар маймыл шешегіне қарсы вакцинаны қолға алуды көздеп отыр. Өйткені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, маймыл шешегі вирусы мутацияға ұшырап, адамнан адамға жұғу қабілетіне ие болған көрінеді. Клиникалық көрінісі бойынша бұл вирус ерекше қауіпті бұрынғы шешекке өте ұқсас», – дейді Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының аса қауіпті індетті аурулар зертханасының меңгерушісі Лесбек Құтымбетов (суретте).

ҚР бас санитар дәрігері жазғы демалыс және демалыс маусымының басталуына байланысты шетелге саяхатқа шығатындар үшін төмендегі кеңестерді ұсынуда.

Біріншіден, маймыл шешегінің өршуі тіркелген Батыс Африка елдеріне (Конго Демократиялық Республикасы, Конго Республикасы, Камерун, Орталық Африка Республикасы, Нигерия, Кот-д'Ивуар, Либерия, Сьерра-Леоне, Габон және Оңтүстік Судан) барудан аулақ болыңыз (әсіресе балалармен);

Екіншіден, шетелге шыққан жағдайда жабайы жануарларға (приматтар, кеміргіштер) жақындамаңыз, стихиялық және көше саудасы орындарында тамақ ішуден аулақ болыңыз, сондай-ақ тамаққа тек термикалық өңделген етті (азық-түлікті) пайдаланыңыз;

Үшіншіден, адамдар көп жиналатын орындарға барған кезде жеке профилактика (қашықтық, маскалар, антисептиктер) шараларын пайдаланып, қол гигиенасын сақтаңыз. Сапардан оралғаннан кейін үш апта ішінде мазасыздық, қызба, бөртпе (қызару, көпіршіктер және т.б.) белгілерін сезінсеңіз, шетелде болғаныңыз туралы міндетті түрде хабарлай отырып, жақын маңдағы медициналық ұйымға дереу жүгініңіз.

«Сақтықта қорлық жоқ», жоғарыда айтылған кеңестерді қаперіңізде сақтап, дерттің алғашқы белгілерін біле жүріңіз.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале