Әлемнің 40 елінен келген жас дзюдошылар Австрияның Грац қаласында бас қосып, Еуропа кубогін сарапқа салды. Аталмыш жарыста татами иелерінен бөлек, Жапония, АҚШ, Бразилия, Грузия, Хорватия сияқты дзюдо күресі мықты дамыған ел палуандары бақ сынады.
Төрткүл дүниенің төрт бұрышынан жиылған сен тұр, мен атайын деген жас палуандар жарысында ел намысын қорғаған жерлесіміз Нұрсұлтан Зайзағалиев қарсыластарын қоғадай жапырып, Еуропа кубогінің иегері атанды.
66 келіде татамиге шыққан Нұрсұлтанның финалдық бәсекеде жапондық қарсыласын жеңгені оның қаншалықты мықты екенін көрсетіп тұрғандай. Осы бағытынан таймаса, өзі аға тұтатын даңқты палуанымыз Елдос Сметовтың жетістігінен асып түсуі де ғажап емес. Тек жаттығу жұмыстарын ширата түссе болғаны.
Айта кетейік, сырымдық жас палуан осыған дейін Польшаның Познань қаласында өткен Еуропа кубогінде күміс медаль еншілегенді.
Түгелбай Бисенов,
zhaikpress.kz