Жаздың алғашқы айы басталды. Бұл - жеміс-көкөніс баптайтын адам үшін ең қызу мезгіл. Десек те, мамыр бойы ауа райы салқын да жаңбырлы болып, бау-бақшамен толыққанды айналысуға мүмкіндік бермеді.
Енді сол жіберіп алған уақыттың қайтарымын алар кез келді. Сондықтан жұмыс та көп. Күн жылуымен бірге белсенді тіршілікке кіріскен өсімдік зиянкестері мен жаңбырдан соң қаулаған армашөпті жоймаса, бұған дейін жасалған күрес шаралары зая кетуі әбден мүмкін. Және күн қызған сайын ағаштардың ылғалы тез кеуіп, суару керек болады. Осындай маңызды істердің біреуін жасап, біреуін ұмытып кетпес үшін алдын ала тізім жасап алған дұрыс.
Осы жолы жеміс ағаштарының күтіміне байланысты 10 негізгі істі қаперіңізге саламыз.
Ағаштар мен бұтақтарды шырпу
Көктемде жеміс ағаштары мен бұталарды санитарлық шырпуға, үсік шалған бұтақтарды кесуге қолыңыз тимеген болса, маусым айы осы жұмысқа ең қолайлы шақ. Өйткені, тірі өскіндер ендігі жапырақ жайды, ағаш басындағы өлі бұтақтар анық көрініп тұрады. Сол өлі бұтақтарды тірі жеріне дейін жеткізіп, өткір қайшымен кесіп тастаңыз. Егер үлкен бұтақ болса, тірі жасушалары бар жеріне жеткізе «сақина» қылдырып кесесіз. Яғни, негізгі діңге сәл жеткізбей кескен дұрыс. Сонда бұтақ орны тез бітіп кететін көрінеді.
Қар жабыны деңгейіне дейін үсіп кеткен ағашты телу орнынан сәл жоғары кесіңіз. Өскіндер шыққан соң ең жуан және мықтысын қалдырып, қалғанын кесіп тастаңыз. Кесілген жерлерге зиянды заттар түспеу үшін нұммен сылап қойыңыз. Ал, қатты үсіп кеткен ағаштарды бірден тамырымен қопарып тастаған жөн.
Бұталарды көбейту
Бұталарды көбейту үшін жасыл қаламшалау шарасын жасаңыз. Бұл жидек бұталарын көбейтудің ең жай тәсілі. Көктемнің аяғында не жаз басында бұтақты қаламшалап кесіп алсаңыз, келесі жылы күзде жерге тігуге жарамды көшет дайын болады.
Бұл тәсілді тәжірибесіз адам да жасай алады.
Мамырдың аяғында не маусым басында алынған қаламша өскіндері ұзындығы 10-15 см, кемінде 4-5 жақсы дамыған бүршіктері болуы тиіс. Төменгі кесіндісін ең соңғы бүршіктен 5 мм көлбей кесіп, ал жоғарғы кесіндіні ең жоғары бүршіктен 2-3 см биік алып тіке кесіп алу керек. Қаламшаны жерсіндіру үшін жылыжай немесе көшетханаға отырғызу қажет. Ол жеңіл және борпылдақ топыраққа отырғызылса, тез тамыр тартады. Құм мен қорданың тең мөлшерде араластырған қосындысы да жақсы.
Қаламшаны тамырландыруға отырғызар кезде жоғарыда екеуін ғана қалдырып, жапырақтарын жұлып тастаңыз. Қалдырған жапырақтардың жартысын кесіп тастаңыз. Бұл ылғалдың жойылуынан сақтайды. Содан соң әр жидекті өз ыңғайына қарай дайындалған топыраққа отырғызасыз. Мысалы, таңқурайды ең жоғары жапырақтарына дейін жеткізіп, 45 градусқа жантайтып саласыз. Қарақат та осы жолмен салынады.
Таңқурайға күтім
Таңқурай бұтасының биіктігі 1 метрге жеткен кезде, ұшын кесіп тастаңыз. Бұл шара таңқурайдың бұталануына көмектеседі де, ол ұзаққа дейін әрі ірі жеміс береді. Және де көңмен (1 шаршы метр жерге 2-3 кг) қоректендірген немесе орып алынған шөппен жабынды жасау да жақсы нәтиже береді.
Фотосурет: massaget.kz
Маусым айында жаңбыр жиі жауса, таңқурайда сұр шірік пайда болуы мүмкін. Оның алдын алу үшін бұтаны айналдыра күл сеуіп, жапырақтарын биофунгидидтермен өңдеген дұрыс.
Қатқаққа дайындық
Маусым айы басында салқындықтар қайта оралып соғуы мүмкін. Сондықтан ағаштар мен бұталарды қорғаныс материалдарымен жабыңыз. Бұл мақсатқа үлдір қолдануға мүлде болмайды. Немесе салқын су шашып қойсаңыз да болады.
Зиянкестерден қорғау
Алма және алмұрт ағаштарын қайталап қотырға қарсы, тұшаланы ақұнтаққа қарсы өңдеу кезеңі осы. Ағаштарда зиянкестер болмауын қарап, өрмекшілер ұясы, ораулы жапырақтар, жәндіктердің жұмыртқаларын байқап қалсаңыз, алып тастаңыз. Зең ауруларының алдын алу үшін жапырақтарға 10 пайыздық бордос ертіндісін шашып қойыңыз.
Суару
Жаздың басында ағаштар мен бұталарды алғаш рет суару жүргізіледі. Су құйған кезде олардың түріне, жасына қарай құясыз. Мысалы, жаңадан отырғызылған ағаштарды суару кезінде суды сепкіш арқылы жіберген дұрыс болады. Ал, үш-төрт жыл бойы отырған ағаштарға су құяр алдында төрт-бес жерден бір күрек бойы қопсытып жіберсеңіз, су тамырына дейін жақсы жетеді.
Топырақ қопсыту және жабындау
Су жеміс ағаштар мен жидек бұталарына пайда келтіріп, тамырына дейін жетуі үшін оны суарғаннан кейін айналасын қопсытып, содан соң жабындаған дұрыс. Бұл бір жағынан ылғалдың сіңіп, тез кеуіп кетпеуі үшін керек. Екіншіден, таңқурай сияқты жидек бұталарының арасында, ағаш астында арамшөп қауламауы үшін пайдалы.
Құлпынай
Бұл тәтті жидектің гүлдеуі және өнім беруі кезінде оны тұрақты суару (1 шаршы метр жерге 20-30 литр су) және зиянкестерден қорғау шараларын жасау керек. Құлпынайдың хош иісті жемісі мен жұмсақ балғын жапырақтары зиянкестер үшін ұнамды азық. Сондықтан да олар құлпынай салынған жерге үйір келеді. Және де құлпынайды сұр шіріктен қорғау шараларын жасап, топырағын жабындаңыз.
Тамыр өскіндерін жою
Жеміс ағаштарының тамырынан өскін тарауы – өте жиі кездесетін құбылыс. Өскін пайдалы минералдар, ылғалды тартып, сапалы жеміс алуға кедергі келтіреді. Сондықтан, оны жойып отыру керек. Тамыр өскіндерінен құтылудың ең оңай да қауіпсіз жолы - кесіп немесе қазып алып тастау. Кейде бір күрделі жағдайда не болмаса уақыт үнемдеу үшін гербицид қолданып жатады. Бұл әдістің бір кем жері – химиялық ерітінді ағаштың өзіне зақым әкелуі мүмкін.
Жеміс ағаштырының тамырынан өскін шықпауы үшін келесі шараларды қолданыңыз:
Теліген бұтақтар
Егер сіз көктемде ағаштарды теліген болсаңыз, олардың күтіміне назар аударыңыз. Ағаштарды мұқият қарап, телінген бұталардың жерсінбеген немесе әлсіздерін алып тастаңыз. Және де теліген жерден төменгі жатқан өскіндерді де жойған дұрыс. Егер телінген өскін тез өсіп бара жатса, ол жапырақтардың ауырлығынан сынып кетпеуі үшін шымшып, шырпып қойыңыз.
Кеңестерді ғаламтордан жинақтап,
аударған Камелия Қарекесова,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz