Бүгінде сұранысқа ие, халықтың талап ететін дәрігерлерінің бірі – тіс дәрігері. Экологияның, дұрыс тамақтанбаудың салдарынан үлкен-кішінің бірдей тістері бұзылып, тіс дәрігері кабинетінің алдында тізіліп отырғанын көресің. Тістің саулығы – жақ сүйектерінің, сөйлеудің, асқазанның саулығының кепілі. Халықтың саулығы үшін жанын салып жүрген Сырым аудандық ауруханасының тіс дәрігерлерінің бірі – Әсет Қайырғожин.
Әсет Киікбайұлы бала күнінен ақ халатты абзал жан атанып, халықтың дені сау болуына үлес қосуды армандады. Балалық арманы оны жетелеп, Орал медициналық колледжіне әкелді. Әсет тіс дәрігері мамандығын 2009 жылы алып шықты. Сол жылы еңбек жолы Тоғанас ауылының тіс дәрігері қызметінен басталды. 2010 жылы Жымпитыға аудандық орталық ауруханаға ауысты. Өзінің жұмысын сүйіп атқаратын Әсет Киікбайұлы алдына келген жанға қандай да бір көмек көрсетіп, жанына батқан тіс ауруын жеңілдетуді мақсат етеді.
Әсеттің алдына кішкентай сәбиден еңкейген кәріге дейін келеді. Тіс дәрігерінен қорықпайтын науқас кемде-кем. Келгендердің әрқайсысының қорқынышын басып, сабырға шақырып, әңгіме айтып, көңілін аулап, психолог болатын кездері жиі кездеседі. Балалар келсе, олармен бала болуына тура келеді. Тістің макетін көрсетіп, қызықты әңгіме құрастырып, тәттілер, чипстер, газдалған шырындар ішіп-жемеген баланың тісі қандай әдемі, сау болатынын айтып береді. Аузы уылып кеткен нәрестелер келсе, олармен сәл қиындау. Бір қызығы, тіпті баладан бетер тіс дәрігерінен жүрексінетін ересектер де кездесіп жатады екен.
Тіс маманының айтуынша, қазіргі балалардың чипс, кола, түрлі боялған тәттілерді көп жеуінің, сүзбе, қаймақ секілді тіске пайдалы тағамдарды тұтынбау салдарынан кішкентайынан тістері бұзылып, шіріп, түсіп қалып жатады. Сәбилерге сәбіз езбесін жегізудің тіске пайдасы өте зор. Тісті таңертең ғана тазалап қоймай, жатар алдында да тіс жеке гигиенасын сақтаған дұрыс. Тіс шөткесін 3 ай сайын жаңалап тұру керек.
Тіс емдетудің ауданнан гөрі қалада рентгені бар, басқасы бар, мүмкіндігі көбірек. Тіс емдеу – шыны керек, қып-қызыл ақша. Әсет Киікбайұлы қалаға барып, стоматологиялық кабинет ашып, көбірек табыс табудан гөрі, туған жерге жан-тәнімен қызмет етуді қалайды. Оның жары да аудандық аурухананың хирургия бөлімінде медбике. Екеуі отбасында бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz