8.06.2022, 20:56
Оқылды: 218

Үшағаштық азаматтар балаларды қуантты

6 маусым күні Үшағаш елді мекенінде ауыл азаматтарының қолдауымен «Балалар жылы» аясында «Бақытты балалық шақ» атауымен мерекелік кеш өтіп, балғын бүлдіршіндер қуанышқа бөленді. 

Үшағаш жарыс1.jfif

Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шарада ауыл ардагері Жанапия әжей, ауыл азаматы Жанболат Шарамиков, мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлсая Ақдөңова сөз сөйлеп, керемет кешті ұйымдастырған ауыл азаматарына алғыстарын білдіріп, жарысқа қатысушы балғындарға сәттілік тіледі.

Үшағаш жарыс4.jfif

Көкпар жанашыры Бекболат Файзуллин:

- Еліміздің болашағы жас буын болса, сол өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін, алдыңғы аға буынның ауызбіршілігі мен достық қарым-қатынасын жас буынға үлгі етер аға буындар ауылымыздағы бүлдіршіндерді қуанту үшін «Балалар жылы» аясында әрі Балаларды қорғау күніне орай көңілді шараны ұйымдастырып отырмыз, - деді.

Үшағаш жарыс3.jfif

Тағылымды шарада қазақтың ұлттық ойыны жаппай көкпар, арқан тартыс, қозы көтеру, жаяу жүгіру және қазақша күрес секілді спорт түрлерінен балалар арасында сайыс өткізілді.

Үшағаш жарыс.jfif

Шара барысында жас өнерпаздардың концерттік бағдарламасы қойылып, балаларға батутта тегін ойнау мен балмұздақ және тәттілер таратылды.

Үшағаш жарыс2.jfif

Сайысқа қатысушы жеңімпаздарға ауылдың 1987-2000 жылы туған азаматтары атынан қомақты қаражаттар табысталды. Атап айтсақ,  қазақша күрес жарысында жауырыны жерге тимеген Рауан Дауылбай жеңімпаз атанды. Қозы көтеруде 60 мәрте қой көтерген Қасымхан Нұрлыбаев жеңіске жетсе, ер балалар арасында жүгіруден де Рауан Дауылбайдың бағы жанды. Қыздар арасында жаяу жүгіру жарысында Айназ Жәлел жүзден жүйрік шықты. Арқан тартысында «7 сынып» командасы жеңіске жетті.

Шара соңында жаппай көкпар ұйымдастырылып, азаматтардан жиналған қаражаттар салым салған палуанға 500-1000 теңгеден беріліп, соңғы өгіз өлдінің баруына 3000 теңге тігілсе, қайтуына ауыл азаматы Жамбыл Шамғалиев ұлттық спортымызды қолдап, жас шабандоздарды ынталандыру мақсатында қозы берді. Өгіз өлдінің екі салымын да жас шабандоз Ернар Нариманұлы салды.

Райымбек Абай,

«Рухани жаңғыру» кеңсесінің менеджері

Қаратөбе ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале