10.06.2022, 9:30
Оқылды: 60

Бапкердің құрметіне ашық турнир өтті

«Жақсының аты өлмейді» деген. Ел жұртына елеулі еңбек еткен, жас ұрпақты салауатты өмір салтына бейімдеп, спорт саңлақтарын шыңдаған спорт ардагері, бапкер Фазыл Сыдықовты еске алуға арналып, қазақ күресінен аудандық ашық турнир өтті. Екі күн бойы Қарауылтөбе ауылында 2008-2010 және 2011-2013 кіші жасөспірімдер боз кілемнің шаңын қағып, өзара мықтыны анықтады.

750E2245-82CC-4F2B-B58F-56BD3492CF89

Жарыстың ашылу салтанатында ауылдастар, көзкөргендер Қарауылтөбенің ардақты азаматын еске алып, жылы естеліктерін айтты.

Фазыл Уахитұлы Базартөбе ауылдық округіне қарасты Қызылжар елді мекенінде дүниеге келген. Алматы қаласындағы дене шынықтыру институтында ол КСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Аманжол Бұғыбаевқа шәкірт болып, еркін күрестің қыр-сырын меңгеріп алады. Алғыр, шапшаң, кәсіби спортшы дипломын  қолына алғасын, еңбек жолын Тайпақ ауылындағы Краснояр орта мектебінде бастайды. Мектепте сабақ бере жүріп, күрес үйірмесіне де жетекшілік еткені сол кездер еді.

Сол үйірмеден Ерболат Ықсанов, Бейбіт Нәсіпқалиев, Берік Жұмағалиев, Қазбек Ыбрашев сынды нағыз күрес тарландары шықты. 1987 жылы Қарауылтөбе ауылына жолдамамен келіп, орта мектепке дене шынықтыру пәні мұғалімі болып орналасады. Әкесінің өмірден өткеніне 18 жыл болса да, оның жолын қуған ұлдарына да бүгінде боз кілемде тең келер ақжайықтық кемде-кем. Фархаты сайыстарда талай мәрте «Түйе палуан»  атанса, Нұрдаулеті қазір туған ауылында еркін күрестен шәкірттер тәрбиелеуде. Мұның бәрі Қарауылтөбедегі  Тайпақ орта мектебінің мұражайындағы көрмеде түрлі жәдігер, құнды деректермен анық көрсетілген.

Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Бақберген Әбуов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Руслан Биманов, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Марат Ығылманов, округ әкімі Жәнібек Әбіров және спортшының замандастары, сыныптастары қатысып, сөз сөйледі

– Жұбан елі – таланттарға бай ел. Өнер айдынында болсын, спорт саласында болсын, өз қолтаңбасын қалдырған жандар аз емес. Бүгін солардың бірі әрі бірегейі Фазыл ағамыздың есімін ардақтап, үлкен дода өткізілуде. Бұл, ең алдымен, өскелең ұрпаққа керек, алдыңғы толқынның өнегесін ұлықтаған ұл-қыздың бойында елжандылықтың рухы алаулайды, – деді алғаш болып сөз алған Б.Әбуов.

Орал қаласы, Бәйтерек, Жаңақала, Теректі, Қаратөбе аудандарынан және ақжайықтық жасөспірім спортшылар өз салмақ дәрежелерінде жандарын сала күресіп, командаларына жеңіс сыйлауға тырысып жатты. Командалық есепте III орынды Тайпақ ауылы, II орынды Жаңақала ауданы командасы иеленсе, жарыс иелері – қарауылтөбелік команда жеңіс тұғырына көтерілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер анайы дипломдар мен медалдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Әсет Сағындық,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале