12.06.2022, 9:25
Оқылды: 4

Байқау қорытындыланып, ән шырқалды

Жәнібек аудандық мәдениет және демалыс саябағында ауданның құрылғанына ғасыр толуына арналған мәдени шара өтті. Жуырда аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен және аудандық «Шұғыла» қоғамдық-саяси газеті, «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігі мен аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен ауданның 100 жылдық мерейтойына орай «Жәнібегім - жанымның жайлауы!» атты қашықтан эссе байқауы өткізілген болатын.

4C7DB1EA-02B1-4D89-9A5C-D1BD6C3F4CB5

Шара барысында сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Абдолова сол байқаудың қорытындысын жариялады. Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.

Олардың қатарында арнайы сыйлыққа ие болған аудандық музей бөлімінің меңгерушісі, ҚР Журналистер одағының мүшесі Меңдігүл Фазылова мен Орал қаласынан жерлесіміз, білім саласының ардагері Мәншүк Нұралиева бар.

Ал бірінші, екінші, үшінші орындарға Нұрлан Едігенов (Ұзынкөл ауылы), Ақерке Жолдыбаева (Жәнібек ауылы) және Айнамкөз Тілеубаева (Қамысты ауылы) ие болды. Байқауға белсене қатысқаны үшін Ұлпан Сағындыққызы мен Айәсем Азаматқызына алғысхат табысталды.

EBB455CD-F504-452F-B06D-2231C1C5DAFA

Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Наурыз мерекесінде белсенділік танытып, бірлік пен татулықтың үлгісін көрсеткен аудан орталығындағы Иманов, Ықсанов, Мусин, Жәнекешев және Жеңіс көшесі тұрғындарының өкілдерін де марапаттады.

Ал жас кәсіпкер Есенжан Есболұлы аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Орынбасар Ғилымов бастаған бір топ жас футболшыға спорттық киімдер табыс етті. Олар күні ертең облыс орталығында өтетін ауыл жасөспірімдерінің ойындарына қатысады.

Шара одан әрі Тау ауылдық округі көркемөнерпаздарының «Жәнібек - жыр мекені, ән сарайым» атты концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.

А.Есіркепов,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале