Нұр-Сұлтанда 64 адам тамақтан уланып қалды. Бұл туралы Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Департамент мәліметінше, 9 және 10 маусымда департаменттің аудандық басқармаларына қаланың емдеу ұйымдарынан тағамнан улану тіркелгені туралы шұғыл хабарлама түскен. Бүкіл науқастар өз ауруларын елорданың қоғамдық тамақтану орындарының бірінде тамақ өнімдерін тұтынумен байланыстырған.
Жаппай тамақтан улануды тіркеу жағдайы бойынша Байқоңыр ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Байқоңыр ауданының полиция басқармасына ақпарат жіберді. Келіп түскен ақпарат негізінде полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеуді бастады және ҚР ҚК 304-бабының қылмыстық ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуге қабылданды. Байқоңыр ауданының басқармасы 10 маусымда қылмыстық іс аясында қоғамдық тамақтану нысанын жоспардан тыс тексеруді бастады, – деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі.
Тексеру барысында кәсіпорында бірқатар заңбұзушылықтардың орын алғаны анықталды. Сонымен бірге зертханалық зерттеуге шайындылар, шикізат пен дайын өнімнің сынамасы алынды. Патогендік микрофлораның тасымалдауына кәсіпорынның 15 қызметкері тексерілді. Нәтижесі анықталып жатыр.
Бүгінгі таңда 64 науқас медициналық көмекке жүгінді. Оның 52-сі ауруханаға жатқызылды, 12-сі амбулаториялық ем алып жатыр. Айта кетейік, жоспардан тыс тексеру және эпидемияға қарсы іс-шаралар әлі де жалғасуда, – делінген хабарламада.
Департамент қызметкерлері тамақтан улануды және жұқпалы емес ауруларды болдырмау үшін халыққа жосықсыз кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардан азық-түлік өнімдерін сатып алмауға және пайдаланбауға кеңес береді.
ulysmedia.kz