13.06.2022, 16:45
Оқылды: 134

Ұлттық ойын – ұлт қазынасы

Ұлттық ойынның бірі де бірегейі "Асық ату" және "Бес асық" ойыны. Жуырда ғана Бөрлі спорт кешенінде "Асық ату" мен "Бес тас" ойынынан республикалық чемпионат өтті. Оған Нұр-Сұлтан, Қостанай, Павлодар,  Түркістан, Қызылорда, Шымкент қаласы, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облысы және Бөрлі ауданы командалары қатысты. Ашылу салтанатына қатысқан Республикалық асық ату федерациясының президенті Жомарт Сабыржанов Бөрлі ауданының ұлттық спорт жанашырлары «Ақсай» мәдени-бұқаралық, ұлттық ат спорты кешенінің директоры Бауыржан Мықтыбаев, Бөрлі аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Рима Бекмұхамбетова, Бөрлі спорт кешенінің меңгерушісі Ержан Өтеғалиевтерді Республикалық асық ату федерациясының алғысхатымен марапаттады.

30

Ойын қатысушыларының бойындағы табандылық пен қайсарлықты байқамау мүмкін емес еді. Ойынның негізгі шарты – бір-бірінен асықты көбірек ұту. Бұл ойын мазмұны жағынан ұтыс ойыны тобына жатады. "Асық ату" ойыны спортшының мергендігін арттырады, дәлдікке, есепке үйретеді.

1

Көшпелі қазақ халқының бірнеше ғасырлар бойы қаймағы бұзылмастан жалғасып келе жатқан ұлттық спорт ойындарының бірі – «Бес асық» ойыны. Зерттеуші ғалымдардың айтуынша, бұл ойын еңбек құралдары ағаш, тас, сүйек болып келетін ғасырларда пайда болған. Жалпы ойынның мазмұнына тоқтала кетсек, ойнаушылар, ең алдымен, кім-кімнен кейін ойнайтынын өздері анықтайды. Бірінші кезек алған ойыншы бес асық ойынының шартын бұзып алғанға дейін ойнайды. Одан кейін екінші кезектегі, ол тоқтаған соң үшінші кезектегі ойыншы ойнайды. Ойын осылай жалғаса береді.

31

Асықтарды қаршып қағып алу кезінде басқа асықтарды қозғалтуға болмайды және қақпа асықты түсіріп алмауы керек. Ойыншы ойынның шартын бұзғанға дейін ойнай береді. Тек ойынның шарты бұзылған жағдайда ғана келесі ойыншы кезек алады. Ал келесі кезек келгенде ойнаушылардың қай-қайсысы болсын, ойынды өзінің бұрынғы тоқтаған жерінен жалғастырады. Міне, жылдамдық пен қырағылықты насихаттайтын бұл ойынның да берері көп. Берекелі Бөрлі жерінде өткен сайыста үздіктер мен қырағы саңлақтардың көп екеніне көзіміз жетті. Үш күнге созылған чемпионаттың үздіктерін анықтау да оңайға соқпады.

32

Десек те жеңіс бар жерде жеңіліс бар. "Асық атудан"  1-орын – Нұр-Сұлтан қаласы, 2-орын – Түркістан облысы,  3-орын – Шымкент қаласына бұйырды. "Бес асық" сайысы бойынша жүлделі 1-орынды – Нұр- Сұлтан қаласы, 2-орынды – Қостанай облысы, 3-орынды Қызылорда облысы қанжығалады. Жалпыкомандалық есепте  "Асық ату" мен "Бес асықтан" 1-орынды – Нұр-Сұлтан қаласы иемденді.

33

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті атынан дипломдар мен медальдармен марапатталды.

врчение

Сәнім Меңдібай,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале