12 маусым күні Ресей Федерациясының Самара қаласында «КОРОЛЕВА СПОРТА» атты халықаралық жүгіру фестивалі өтті. Волгамэн автономды коммерциялық емес ұйымы өткізген фестивальге 1300-ден аса адам қатысты. Халықаралық фестивальге «Uralsk Runners» командасының мүшесі, «Kaztalov Runners» командасының жетекшісі, жерлесіміз Баубек Ілиясов та қатысып, 10 шақырымды жүгіріп өтіп 3 орынды иеленді.
Осыдан 32 жыл бұрын Ресей федерациясының халық депутаттарының алғашқы отырысында Совет одағынан мемлекеттің егемендігі туралы декларация қабылданған болатын. 2002 жылы 12 маусым Ресейдің Еңбек кодексіне ресми түрде мереке ретінде енгізілді. Айтулы мерекеге орай ұйымдастырылған фестивальде марафоншылар 600 метр қашықтықта балалар өзара бақ сынаса, ересектер 3, 10 және 21.1 шақырымдарды жүгіріп өту және скандинавиялық жүріс бойынша сынға түсті. Сонымен қатар, фестивальде корпоративтік-командалық, «Папа, мама, я – спортивная семья» және 3, 10 шақырымдар бойынша роллерлер жарысы ұйымдастырылды. Жерлесіміз Баубек Ілиясов 18-29 жас аралығында спортшылармен сынға түсіп, 34:12 уақыт көрсеткішін көрсетіп, 573 балмен оренбургтік Андрей Исайчев (33:21, 608 балл) мен тольяттилік Виктор Самойловке (31:53, 674 балл) есе жіберді.
- Ресей мемлекетінің 60-қа жуық қалаларынан марафоншылар қатысқан тартысты жарыс болды. Қазақстанның намысын қорғап қатысқан соң ауыртпалық болды. Соңғы уақыттарда, мәреге бірнеше метр қалғанда жүлделі орынды жұлып алдым. Бұл менің ғана емес, еліміздің, өңіріміздің, ауданымыздың жеңісі. Алдағы уақытта да байрақты бәсекелерде топ жарамын деген сенімдемін. Осы мақсатыма жету үшін дайындаламын, - деді марафоншы.
Жарыс қорытындысын russianrunning.com сайтынан оқып, таныса аласыздар.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz