Ақтөбе облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, екі тұрғын арыз жазып, екі адам өздерінен ақша бопсалағаны туралы айтқан. Бұған дейін олар 1,7 млн теңгесінен айырылса, кейін қаскөйлер тағы 1,5 млн теңге талап еткен.
«Полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында 29-30 жастағы екі күдіктіні ұстады. Тінту кезінде олардан ақша табылды. Қылмыстық кодекстің «Қорқытып алу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілерге «қамауға алу» бұлтарпау шарасы қолданылды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Осы баптың санкциясымен мүлкін тәркілеу, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделеген.
Айта кетейік, Ақтөбеде алаяққа алданғандар да арыз жазып жатыр. Хромтау қаласының тұрғыны 10 млн теңгесінен қағылды. Әйелдің ұялы телефонына бейтаныс адам хабарласып, өзін банк қызметкерімін деп таныстырған. Сеніміне кірген алаяқ әйелден СМС хабарлама кодын алып, үш банк шотындағы жалпы сомасы 10 млн теңгеге жуық ақшасын жымқырған.