20.06.2022, 12:45
Оқылды: 58

Жетістіктің бастауы – жаңа технология

Өткен аптада облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов Ақжайық ауданы Алғабас ауылдық округіне қарасты «Сәбит» шаруа қожалығында болды. Жаңадан сатып алынған жаңбырлатып суару техникасын орнатқан шаруашылықтың жұмысымен танысып, заманауи технологияның мал азығын дайындаудағы артықшылықтарын байқады. Кездесуде аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов болды.

IMG_7521

Соңғы жылдары шаруалар қуаңшылықтан зардап шегіп, мал азығын дайындауда қиындықтарға душар болуда. Әсіресе өткен жылдары жауын-шашынның аздығынан және арналардағы су деңгейінің төмендеуі салдарынан даладағы шөптің аз болғаны белгілі. Соның кесірінен шаруалар шөпті тіпті көрші аудандардан дайындап тасуға мәжбүр болды.

IMG_7550

Технология күн санап дамыған уақытта шаруа жігіттер қол қусырып қайдан отырсын. Алқаптарды суаратын заманауи технологиялардың шығып жатқанын естіп, біліп жүрген азаматтар, соның түрлерін иемденуге ұмтылуда. Былтырдан бастап аудан шаруалары жаңбырлатып суару арқылы екпешөп өсіруді бастап кеткен болатын. Енді биыл «Сәбит» шаруа қожалығының жетекшісі Ерболат Құрманғалиев «AFKO» компаниясынан 2 дана айналмалы жаңбырлатқыш қондырғыларын «Аграрлық кредиттік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы несиеге сатып алған. Оның жартысын Үкімет субсидия арқылы төлейді. Қазіргі уақытта 160 гектар жерге өнімділігі жоғары жоңышқа, суданды егуді бастап кеткен.

IMG_7528

Бүгінде құрылғанына 20 жылдан асқан шаруашылық малды асылдандыруға да бет бұрған. Кәсіпкердің ендігі мақсаты – иелігіндегі малды шөптен тарықтырмау. Сондықтан тиімділігі жоғары жаңа суару кешеніне сенім артып отыр. Негізінен Ерболат тамшылатып суарудан хабары бар азамат. Осыдан 5 жыл бұрын үйінің маңын бақпен жайқалтып, осында 400 түпке тарта алма көшеттерін отырғызған. Тамшылап суару технологиясы бойынша өсіріліп жатқан алмалардың ішінде жартылай аласа сорттар басым. Бұл сорттардың ерекшелігі – біздің қысы қытымыр, жазы аптап ыстық ауа райына төзімді, өнімді де көп береді.

«Қазіргі дамыған заманда қатардан қалмай, осындай құрылғы алуды жөн көрдім. Мал шаруашылығымен айналысқасын, бірінші кезекте оның азығы ғой. Мына екпешөп өсіріп жатқан орында бұрын егін егіліпті, сондықтан осы жерді ойланбастан пайдалануға бел будым»,- деді Ерболат Құрманғалиев.

Айналмалы жаңбырлатқыш қондырғысы қазіргі уақытта қарқынды жұмыс істеп тұр. Ол Первомай магистралды арнасынан сусорғы арқылы алқапты жаңбырлатып суарып жатыр.

Сондай-ақ Ерболаттың жігіттері малға қажетті жем-шөпті даярлауға жаздың алғашқы айларында-ақ кірісіп кеткен. Шабындық басында әзірге арнайы 3 техника жүр. Бүгінге мың центнерден астам шөпті тайлап, дайындады. Бір рулонның салмағы 700 келінің шамасында. Енді осылардың қатарына екпешөп қосып, мал азығын дайындау қорын ұлғайтуда. Сондай-ақ жаңбырлатып суарудың тиімділігі, жылына бір жерден екі рет шөп дайындауға болады.

Ауданда осындай жақсы үрдістен үлгі алып жатқан шаруалар саны артуда. Өткен жылы Бударин ауылдық округіндегі «Аманер» шаруа қожалығы Алматы қаласынан «АguаBest» ЖШС-нен 3 дана барабанды үлгідегі жаңбырлатқыш машинасын алып, судан, сүрлемге жүгері егіп, жақсы өнім алған болатын.  Енді «Жардем», «Нығмет», «Мұқадес», «Рахат», «Сұлтан» шаруа қожалықтары жуырда осындай құрылғыны егістік басына орнатуды жоспарлап отыр.

- Шаруа үшін мал азығын дайындау маңызды жұмыс. Соған орай жаңалықты жатсынбай, заманауи технологияларға қол жеткізіп жатыр екенсіз. Жаңа технология жеткістіктің бастауы екенін ұмытпағанымыз жөн. Бұл - алға қойған мақсатыңызға бір қадам жақындау. Жеріңіз шұрайлы, шөбіңіз құнарлы болсын. Алдағы уақытта егістік алқабын көбейтуге күш салған жөн. Бұл игі іс әріптестеріңізге үлгі, жұғысты болсын!- деді Арман Өтеғұлов.

Азамат Қанапия,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале