«Жасыл ел» бағдарламасы 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. Аталмыш бағдарлама көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыруда олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, жастардың жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуына мол мүмкіндік берді.
Бұл бағдарламадағы басты бағыт – табиғатты қорғау, экологияны сақтау ғана емес, жастардың тәрбиесі мен еңбекке баулу. «Батыс Қазақстан бойынша «Жасыл ел» еңбек және құрылыс жасақтары» жеке мекемесі Қаратөбе ауданында маусым, шілде, тамыз айларына 60 студент-сарбазды қамтуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда маусым айында 20 студент жұмыстанып, аудан орталығындағы саябақтардағы арамшөптерді жұлып, тазалық жұмыстарын жүргізуде.
«Бағдарламаның тағы бір тиімді тұсы – жастарды еңбекке тарту», - дейді аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Нұрберген Жоламанов.
Бүгінгі таңда жастар тек қана қалаларда ғана емес, орманды өрт шалған аумақтарда да жұмыс істейді. «Жасыл ел» бағдарламасының аясында Қаратөбе ауданында қазіргі таңда 20 адам жұмыспен қамтылып отыр. Аталмыш бағдарлама аясында еңбектеніп жүрген жастар көшелерді, арық бойларын тазалап қана қоймай, футбол алаңдарын да тазалап, қураған ағаштарды кесіп, тас жол жиектерін әктеу сияқты игілікті іс жасауда белсенділік көрсетуде. Маусым, шілде, тамыз айларында тынбай жұмыс жасап, «Жасыл ел» жасақшылары қоршаған ортаның көркеюіне, қоғамдық орындардың таза тұруына өз септігін тигізуде.
Әмірбек Жәнібеков,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz