Оралда бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында спартакиада ұйымдастырылды. Оған өңіріміздегі телеарналар мен газет-журнал қызметкерлері қатысты.
БАҚ өкілдерінің республикалық спартакиадасына іріктеу жарысы болғандықтан биылғы бәсеке қызыққа толы болды. Қарағанды қаласында өтетін бәсекенің республикалық кезеңіне жолдама сарапқа салынғандықтан, жарысқа спортты жанына серік еткен кіл мықты журналистер қатысты. Волейбол, шағын футбол, үстел теннисі, бильярд сияқты спорт түрлерінен өткен жарыстар тартысқа толы өтті. Алдымен әуе доп бәйгесі сарапқа салынды. Тартысты ойындар қорытындысында волейболшы журналистер жарысының үшінші орнын «Ақжайық» телеарнасы, екінші орнын «ТДК-42» арнасының командасы иеленді. Ал бірінші орынды «Жайық Пресс» медиахолдингінің ұжымы қанжығасына басты. Осы жарыста үздік ойын өрнегін көрсеткен «ТДК-42» командасының ойыншысы Сергей Уланов «Үздік ойыншы» аталымына лайық деп танылды.

Футбол бәсекесі қызыққа толы болды. Биыл да доп тепкен тілшілер жарысқа сән берді. Әдеттегідей шағын футбол бәсекесінің жүлдесін өңірдегі үш алпауыт – «ТДК-42», «Ақжайық» және «Жайық Пресс» командалары сарапқа салды. Қорытындысында үшінші орын «Ақжайық», екінші орын «ТДК-42», бірінші орынды «Жайық Пресс» командасы жеңіп алды. Ал медиахолдинг намысын қорғаған ойыншы Ринат Галиев футбол бәсекесінің «Үздік ойыншысы» атанды. Сонымен қатар тас-таяқты сері еткен бильярдшы журналистерде де өзара бәсекеге түсіп, кім мықтыны анықтады. Жарыс қорытындысында «Орал өңірі» газетінің жас тілшісі Марлен Ғилымхан үшінші, «Жайық Пресс»-тің қызметкері Азамат Айсағалиев екінші орын иеленсе, бірінші орынды «ТДК-42» телеарнасының дикторы Сергей Уланов иеленді.

Кәсіби мереке қарсаңындағы сайыста тілшілер қауымы үстел теннисін де тым тәуір меңгергенін көрсете алды. Тартысты бәсеке қорытындысында ІІІ орын «Орал өңірі» газетінің тілшісі Нұртай Текебаевқа, екінші орын осы газеттің тағы бір тілшісі Марлен Ғилымханға бұйырса, І орынды «Ақжайық» телеарнасының бас инженері Марат Айса қанжығасына басты. Ал бұрымды теннисшілер жарысында «Жайық Пресс» ақпарат орталығының тілшісі Жанбота Жәрдемоваға тең келер ойыншы табылмады.

Енді үздік ойыншылар мен жеңімпаз командалар Қарағанды қаласында өтетін журналистер спартакиадасында облыс намысын қорғайды.
Түгелбай Бисен
zhaikpress.kz