Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінде 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай салтанатты жиын, мерекелік концерт өтті. Мемлекеттік қызметшілердің төл мерекесіне арналған жиын алдымен мемлекеттік қызметке алғаш рет тағайындалған ауылдық округ әкімдері мен бас маманның салтанатты түрде ант қабылдауымен басталды.
Өз кезегінде құттықтау сөз алған аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова Мемлекеттік қызметшілер күнімен құттықтап, ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген қызметкерлерге облыс әкімі Ғали Есқалиевтің, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсаловтың және өзінің атынан алғысхаттарды табыс етті. Бүл күнде тек мемлекеттік қызметкерлерге ғана емес, сонымен қатар жұмысын адал атқарып жүрген мамандардың ата-аналары да марапатқа ие болды.
Аудан басшысы ұзақ жылдар бойы еңбек жолын мемлекеттік қызметке арнап, мемлекеттік қызметтен зейнеткерлік демалысқа шығып, бүгінде еткен еңбегінің жемісін, қызығы мен қиындығы қатар жүретін мемлекеттік қызметтегі адал еңбегінің зейнетін көріп отырған ардагерлерге ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне өз үлесін қосқаны үшін «Мемлекеттік қызмет ардагері» лентасы мен белгішесін салтанатты түрде табыс етті. «Үздік бөлім басшысы», «Үздік мемлекеттік қызметші» және «Үздік ауылдық округ әкімі» номинация иелерінің де есімдері аталды.
Салтанатты жиын әдемі концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Концерттің ерекше өтуіне аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің үлесі зор болды. Тек мемлекеттік қызметтің жүгін арқалап жүрген лауазымды тұлғалардың басқа қырынан көрініп, сахна төрінде тамаша өнер көрсетуі көпшілікті тәнті етті.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz