Тырысқақ вибрионының айналымын анықтау мақсатында «М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық орталығы» РМК «Орал обаға қарсы күрес станциясы» филиалының мамандары жыл сайын ашық су қоймаларынан сынама алады. 2022 жылдың сәуір-мамырында 73 су сынамасы зерттелді. Олардан эпидемиялық қаупі жоқ, улы емес V. cholerae non О1 тырысқақ вибрионының 14 штамы анықталды. БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәліметі бойынша, тырысқақ ауруының таралуын болдырмау мақсатында эпидемиялық маусым кезінде (мамыр мен қазан айлары аралығында) жіті ішек инфекцияларымен ауыратын науқастар толық тексеріледі. Қазіргі кезде облыс бойынша тырысқақ ауруы тіркелген жоқ.
– O антигенімен ерекшеленетін 150-ден астам Vibrio cholerae серотоптары белгілі. Тырысқақ вибриондары қауіпті және қауіпті емес болып екіге бөлінеді. Облыс бойынша non О1 тырысқақ вибрионының 14 штамы тіркелді. Тырысқақтың бұл вибрионы патогенді емес. Басқа микрофлорамен қатар өмір сүреді. Десе де тұрғындардан өзен-көлдерге шомылуға барғанда ашық айдындағы суды жұтып қоюдан сақтану керектігін қаперге саламыз. Қайнаған немесе арнайы тазартылған суды күнделікті ішу керек, – деді Нұрлыбек Мұстаев.
Мамандардың айтуынша, тырысқақ антропонозды жіті ішек жұқпасы болып саналады. Оның қоздырғышы суда, сүтте, ағынды суда ұзақ уақыт сақталады. Бұл ауру адам нәжісі арқылы немесе тұрмыстық заттарды пайдаланғанда жұғады. Vibrio cholerae бактериялары ас қорытатын ағзаға түсе салысымен ауырсындырмайтын, бірақ жиі іш өтуге әкелетін сұйық токсин бөледі. Ал жалпы улану салдарынан адам тоқтаусыз құсуы мүмкін. Адам ағзасындағы сұйықтықтың көп мөлшерде бөлінуіне байланысты науқас өліп кетуі де мүмкін.
Нұрлан Ғаппар,
zhaikpress.kz
Cуреттің дереккөзі: inform.kz