Бүгін Сырым аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева бастаған бір топ Сырым аудандық мәслихатының депутаттары, бөлім басшылары, Жетікөл ауылының тұрғындарымен кездесті.
Жиында ауылдық округта атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер жайлы ауыл әкімі Айболат Нұрмұханов, өз салалары бойынша Тимур Айтқалиев, Руслан Усағалиев баяндама жасады.
Ауыл әкімінің сөзіне сүйенсек, мектеп жанындағы интернат балалары мердігер болмауына байланысты тамақпен қамтыомай отыр.
Одан бөлек, Қосарал ауылындағы ұзындығы 1,8 шақырым жаяу жүргіншілер жолы жасақтауға арналған жобалық-сметалық құжаттары дайын екендігін айтты.
Ағоба, Қарақұдық, Жетікөл елді мекендерінде электр желілеріне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілу керектігін тұрғындар да тілге тиек етті.
- Алдағы аптада электр желілерін жөндеу жұмысы басталады,- деді мәслихат хатшысы мәселенің шешілетінін айтып.
Айболат Сақтағанұлы алдағы жылдардың еншісінде мал бордақылау алаңын салу, асыл тұқымды ірі қара басын көбейту, мал азығы үшін екпе шөп егу жұмысын қолға алу секілді мәселелер күн тәртібінде тұрғанын тілге тиек етті.
Жетікөлдіктер Сырым бабамыздың 280 жылдық мерейтойына орай республика көлеміндегі іс-шаралар, ақындар айтысы, шешендік сөздер сайысы секілді бірқатар мәдени шара өткізбек.
Қосарал ауылында Сырым Датұлы атындағы орталық саябақта балаларға арналған ойын алаңы мен сыртқы сахна маңына орындықтар орнатылып, жарықтандыру да қолға алынбақ.
Шынар Сайлауқызы жиындағы өзекті мәселелерді біртіндеп шешуді тиісті сала басшыларына тапсырып, қадағаланатынын ескертті.
Депутаттар ауылдағы мәдениет үйінің ахуалымен танысып, дүкендегі азық-түлік бағасына да баса назар аударды.
Бірінші сортты нан бағасы - 230 теңге болса, сұйық майдың литрі 1000 теңге, қанттың келісі 770 теңгені құрап отыр.
Ол аз десеңіз, мерейтойды марқайып, мақтанышпен өткізуге мәдениет үйінің іші-сыртындағы сөгілген қабырғалар еңсені басып тұр.
-Елге мәдени іс-шаралар барысында келетін қонақтарды абыроймен, жарық, бүтін ғимаратта қарсы алғымыз келеді,- деген тілегін білдірді Жетікөл ауылдық мәдениет үйінің директоры Жәкен Маева.
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz