1.07.2022, 9:59
Оқылды: 35

Үстемеақы ​15 ​пайыздан ​аспауы​ тиіс

Бейсенбі күні облыстық қоғамдық кеңес мүшелері Орал қаласының Зашаған кентіндегі шағын дүкендерге барып, әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларының сапасы мен бағасын көрді.
IMG_20220701_095216
Мақсат – дүкен иелері тұрғындардың күнделікті тұтынатын тағамдарына бағаны негізсіз өсірмей, белгіленген мөлшерде сатып жатқанын қадағалау еді.​
Азық-түліктің бағасына тексеріс жүргізген жұмыс тобы мүшелерінің құрамында облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Біржан Кухаев, аталмыш кеңестің хатшысы Аңсар Неғметуллин және азаматтық ұстаным білдіріп, белсенділік танытқан қала тұрғыны Талғат Досмағамбетов болды.
Олар дүкендердегі бірқатар заңбұзушылықты анықтап, кәсіпкерлерге тиісті ұсыныстарын берді. Мәселен, «Гүлбағида» дүкенінде әлеуметтік маңызы бар тауар саналатын майлылығы 2,5 пайыздық жұқа қаптамадағы айранның құны 340 теңге деп көрсетілген. Кәсіпкер оны 280 теңгеден сатып алғаны белгілі болды. Яғни үстеме баға рұқсат етілген 15 пайыздан асып тұрғаны анықталды. Сатушыға қолданыстағы заңнама түсіндіріліп, аталған өнімнің бағасы төмендетілді. Ал «Ansar», «Помидор» азық-түлік дүкендеріндегі сөрелерде кейбір тауарлардың бағасы көрсетілмеген. Сол бойда баға жазылған жапсырмалар қойылды.​
Мониторингтік топ мүшелері сол аумақтағы тұрақтандыру қорының әлеуметтік дүкеніне де бас сұқты. Мұнда сатушы тұрақтандыру қоры ұсынған тауар ретінде тек сүтті ғана көрсетті. Өзге тауарлар кейінгі кездері әкелінбей жүргенін жасырмай айтты. Тексеріс барысында кәсіпкерлердің әлеуметтік маңызға ие азық-түлік түрлерін және оларға қосылатын үстеме бағаның шекті мөлшерін толыққанды білмейтіні байқалды.​
Айта кетсек, «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР заңының 9-бабына сәйкес, сауда нысандары ​ тауар бағасын өз бетінше белгілейді. Алайда сауда субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына өндірушінің босату бағасының немесе көтерме сауда арқылы берушінің сатып алу бағасының 15 пайызынан аспайтындай үстеме қосуы тиіс. Үстеме мөлшері ​ 15 пайыздан асса, сатып алушы тауардың ілеспе құжатын, сөредегі тауар бағасын, сауда нысанының атауын фотосуретке түсіріп, осы ақпаратпен жергілікті әкімдікке шағымдана алады.​
​ ​ ​ Гүлсезім ​ Бияшева,
zhaikpress.kz
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале