4.07.2022, 17:45
Оқылды: 128

БҚО-да үстел теннисінен Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды

Бүгін Орал қаласындағы облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің балалар мен жасөспірімдер мектебінде үстел теннисінен тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Жарыс шілденің 8-де аяқталады. Еліміздің 15 аймағынан келген командалардың сапында 114 спортшы бар.

теннис (4)

– Зайырлы мемлекетте, өркениетті қоғамда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ешқандай шектеу жоқ. Біз олардың игілігі үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Тағдырдың тауқыметіне қарамастан, бар сынаққа төтеп беріп жүрген жандардың қайсарлығы, ерік-жігері – бәрімізге үлгі, өнеге. Бұған бүгінгі жарыс та дәлел бола алады. Олар өмірге деген құштарлықпен салауатты өмір салтын ұстанып, спортты серік етіп келеді. Сондықтан сіздер, біздің қоғамдағы ең абыройлы, жігерлі азаматтарысыздар. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді чемпионаттың ашылу салтанатында облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Сондай-ақ өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы үстел теннисінен тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында өткен ҚР чемпионаты мен Қазақстан Республикасының VI спартакиадасында жүлдегер атанған Гүлмира Батпақұлова мен Нұралы Жақаналиевке «ҚР спорт шеберлігіне үміткер» куәлігін табыстады.

ҚР Ұлттық паралимпиадалық құрама командасының үстел теннисінен бас бапкері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Арнұр Әбішевтің айтуынша, жарысқа қатысушылардың саны жыл санап артып, ойындардың дәрежесі де көтеріліп келеді. Әсіресе бұл спорт Алматы қаласында, Атырау, Жетісу, Қарағанды, Павлодар облыстарында жақсы дамып келеді екен. «Жарысқа 10 спортшы келді. Орал көне шаһар болса да әдемі, жасыл желекке көмкерілген қала екен. Жарыс өтіп жатқан мектеп те жаңа, жарық, қолайлы салынған. Бұл сапардан өте жақсы әсер алдық. Спортшыларымыз жарысты ойдағыдай бастады. Мықтылардың топ жарып шығуына тілектеспін», – деді Қостанай облысы командасының бапкері Сергей Родичкин.

Айна Имашева,

zhaikpress.kz

теннис (1) теннис (2) теннис (3)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале