6.07.2022, 16:33
Оқылды: 62

«Қыз Жібек» туған жерінде

Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Меруерт Өтекешовамен кездесу кеші өтті.​

c5a85c6c-7d66-4dc2-8504-b22790f941ae.jfif

Қазақстанның халық әртісі Құман Тастанбековты еске алу және Меруерт Өтекешовамен жүздесу мақсатында ұйымдастырылған кеште ​облыс ​ әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қазақтың «Қыз Жібегіне» жылы лебізін білдіріп, ықылас гүлін ұсынды.
– Құрметті Меруерт Қаратайқызы, киелі Ақ Жайық өңіріне қош келдіңіз! Қазақ өнерінде алтын әріппен жазылған «Қыз Жібек» туындысының орны бөлек. Жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де әр қазақтың жүрегінен өшпейтін туындының басты кейіпкерімен жүздескенімізге қуаныштымыз! Құман аға екеуіңіз өмірде де, өнерде де қол ұстасып, көпке үлгі болдыңыздар. Құман ағамыз өмірден өткенімен, есімі елдің жүрегінде мәңгі қалады. Біз сіздермен әрқашан мақтанамыз, – деді Бақытжан Хаберұлы.
Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әртісі ​ Қайрат Какимов «Шеге» термесін орындады. Жиналған жұрт экраннан Құман Тастанбеков жайлы деректі фильмді тамашалап, қазақтың маңдайына біткен таланттың өз саласындағы елеулі еңбегімен танысты. Аталмыш фильмнен өнер жолында жүрген азаматтардың актер Құман жайлы пікірлерін, сондай-ақ сахнадағы рөлдерді шеберлікпен сомдап шыққанын естідік.
–Орал шаһарына келіп, осындай кештің мәртебелі қонағы боп отырғаныма ризамын. Құманның өнерде із қалдырып, көпшіліктің көңілінен орын алғаны белгілі. Ол кісінің театрда, кинода ойнаған рөлдері өте көп. Бізді өнер байланыстырғасын бір-бірімізді жақсы түсінетінбіз. Елу жыл экраннан түспеген, ел есінен кетпеген және кетпейтін «Қыз Жібек» киносының түсірілім барысын, онда кімдер атсалысқанын кірістіріп деректі фильм түсірген болатынбыз. Алдағы уақытта көрермен назарына ұсынылады. Бұл туралы Құман екеуміздің ертеден бір арманымыз бар еді. Ол – осы фильм жайында кітап шығару. Себебі тарих қымбат. Біз мына киелі сахнаны қадірлеуіміз керек. Театр – біздің өмірдегі ұстазымыз. Өйткені жас кезімізде М.Әуезов атындағы театрдан өнер жолымызды бастап, тәжірибе жинадық, – деп көзіне жас алды Меруерт Қаратайқызы.​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ Кеш қонағы Қазақстанның халық әртісі Хадиша Бөкеевамен жас кезінде түскен суретін театрдың ұжымына табыстады. Сонымен қатар жоғарыда аталған фильмнің түсіріліміндегі суреттерді халыққа көрсетіп, өткен шақтан естеліктерін айтты.​ БҚО камералық оркестрінің сүймелдеуімен театр актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Исалиева «Гәкку» әнін шырқады.​

039a8dee-675a-4cb9-ac5b-d334604d72cd.jfif
– Керемет актрисаның Ақ Жайық жұртымен кездесу кеші жоғары деңгейде өтті деп есептеймін. Себебі «Қыз Жібек» фильмінің басты кейіпкерлері, қазақ кино өнерінде махаббаттың тап-таза үлгісін көрсеткен Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешова жайлы біраз тың мәліметтерге қанық болдық. Жас кезімізден сол фильмді көріп өстік. Замандас болғасын да бүгінгі кеш қонағының әңгімелері әсерлі болып, сонау жас кезімізге сапар шегіп қайтқандаймыз. Біз осындай мықты таланттарымызды әрқашан мақтан етеміз, – дейді Алима Сағынғалиқызы.​ ​ ​ ​

​Аманжол Исламғали,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале