8.07.2022, 12:00
Оқылды: 17

Букмекерлер Уимблдон финалында Елена Рыбакинаның қарсыласын фаворит деп танып отыр

Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы  Уимблдон турнирінде ертең, сенбі күні чемпиондық атақ үшін кортқа шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

220708103907027e

Сурет: ktf.kz

Қазақстандық теннисшінің финалдағы қарсыласы – әлемнің 2-ракеткасы, тунистік Онс Жабер. Қайсысы ұтса да, бұл олардың «Үлкен дулыға» додасындағы алғашқы титулы болмақ.

Финалға дейін Елена Рыбакина бір ғана сетте есе жіберді, яғни ширек финалда аустралиялық Айла Томляновичпен үш партия ойнады. Ал Онс Жабер чехиялық Мария Боузковамен және кеше германиялық Татьяна Мариямен үш сеттік кездесу өткізді.

Осыған дейін қарсыластар хард төсенішінде үш мәрте шеберлік байқасты. Қазақстандық теннисші 2019 жылы Уханьда өткен жарыста О.Жаберді ұтты – 6:1, 6:7 (3:7), 6:2. Есесіне Онс 2021 жылы Дубайда (7:6 (8:6), 4:6, 6:2) және Чикагода (есеп 4:6, 2:3 болған кезде Е.Рыбакина матчты жалғастырудан бас тартты) жеңіске жетті.

Финалдық бәсеке 9 шілде күні елорда уақытымен сағат 19:00-де басталады. Матчты тікелей эфирде Сетанта Қазақстан телеарнасының Bee TV спорттық қосымшасынан көруге болады.

Кей букмекерлік кеңселер бұл кездесуде Онс Жаберді фаворит ретінде танып отыр. Қазақстандық теннисшінің жеңіске жету мүмкіндігі 2.344 коэффициентімен бағаланса, қарсыласынікі – 1.698. Мамандар Елена Рыбакинаның доп берудегі шеберлігін, көгал төсенішінде ойнау оның оң жамбасына келетіндігін баса айтуда.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале