Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов ел экономикасының биылғы өсімі туралы болжамын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сурет: primeminister.kz
«Сыртқы экономикалық жағдай одан әрі нашарламаса, биыл ел экономикасының өсу қарқыны 3-4%-ті құрайды деп болжаймыз», - деді Үкімет басшысы. Сондай-ақ, ол аталған бағыттағы жұмыстар жалғасатынына тоқталды. «Жалпы, жаһандық белгісіздік жағдайында, Үкімет ұлттық экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша кешенді шараларды іске асыруды жалғастырады. Бұл шаралар экономиканы әртараптандыруға, отандық өндірісті дамытуға, әсіресе азық-түлік тауарларын шығаруға, сапалы жұмыс орындарын құруға бағытталған», - деді Әлихан Смайылов. Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Бұған дейін Үкімет басшысы бюджеттің шығыс қарқынын шектеп, тау-кен секторынан алынатын салық мөлшерлемесін арттырудың арқасында биыл кіріс 40 пайыз артатынын айтты.