19.07.2022, 12:00
Оқылды: 42

Қызыл жалын шарпып, денсаулығымыз сыр берсе...

Соңғы уақытта «Құтқару қызметінен» өңіріміздегі ауа температурасының 30ºС-тан жоғары болатыны жөнінде сансыз хабарлама келді. Халық қауіпсіздігіне алаңдаған, төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында жіберілген хабарламаларды біріміз ескерсек, біріміз мән бермейміз. Бірақ ауа температурасының күрт көтерілуі шаруаға да, адам өміріне де өзінің кері әсерін тигізуде.

8

Аптап ыстықта шомылуға арналған киімімізді алып, отбасымызбен бірге саяхаттап, жағажайда демалғанға не жетсін, шіркін! Күнге қыздырынып, суға шомылып, демалысын сәтті өткізіп жүргендер жетерлік. Әйтсе де жаз мезгіліндегі науқандық жұмыста күннің ыссылығына қарамай еңбек етіп жүрген жандар да бар. Мәселен, ауылдық жерлердегі шөп шабу науқаны. Еңбектің нанын жеген шаруа адамдарының мұндай ауа райындағы қызметі елеусіз қалып жатады. Дегенмен халқымызды мал азығымен уақтылы қамтамасыз етуде олардың еңбегі зор. Олар тұрғындардың қауіпсіздігі мен дала өртінің алдын алуды да өз қызметіне қоса атқарады. Осы тұста сан соқтырған салғырттықтың бір мысалына тоқталсақ. Шіліңгір шілденің сегізінші жұлдызында Казталов ауылдық округіне қарасты «Қамысқора» нүктесі маңында ескі трактормен шөп тасымалдау кезінде трактордың мұржасында шоқ өшіргіш болмауы салдарынан техника шоқ лақтырып, дала өрті тұтанды. Көптеген шаруашылықтың шабындық жері мен округтің мал жайылымы өртеніп кетті. Өрттің туындауына себепкер азаматқа аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 410- бабы 1-бөлімімен әкімшілік шара қолданып, алдағы уақытта осыған ұқсас қателік жібермеуі үшін түсінік жұмысын жүргізген. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Ерген Тасқалиев жоғары температура салдарынан орын алған өзге де оқиғаларды баяндап берді.

9

– 10 шілде күні Болашақ ауылында бір отбасының аумағы 240 шаршы метрді құрайтын жеке тұрғын үйінің шатыр жабындысы отқа оранып, отбасы мүшелері баспанасыз қалды. Өрттің туындауына электр сымдарының тозығы жетіп, қысқаша тұйықталуы себеп болған. Одан бөлек, 10 шілдеде Жалпақтал, 11 шілдеде Көктерек, 12 шілде күні Казталов ауылында тұрғын үйлердің шаруашылық құрылыстарында өрт пен жану оқиғалары орын алды. Бұл тұрмыс жағдайында қарапайым өрт қауіпсіздігі ережесінің сақтамауы салдарынан болып отыр. 13 шілде күні Жаңажол ауылдық округіндегі «Ақкөл» лагері аумағында орналасқан электр трансформаторына найзағай түсіп, 0,7 га құрғақ шөп жанып кетті, – деді Ерген мырза.

Мамандар қызыл жалынның бой көрсетуіне адам әрекетімен қоса, күннің ысуы да негізгі себептің бірі деп болжам жасады. Өйткені өрт тұтанып, бастауын алғанымен, біраз аумақты шарпуына үй-жайлар мен даланың құрғақшылығы да кері әсерін тигізеді-мыс. Осы орайда Ерген Аманшаұлы аудан тұрғындарына ескерту жасады.

– Жоғарыдағы баяндалған жайттарды ескере отырып, күнделікті өмірде келесідей қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды сұраймын:

- тұрғын үй мен шаруашылық құрылыстарындағы электр сымдарының жағдайын қарап, тозығы жеткен болса бірден, мүмкіндік болмаса кезең-кезеңімен ауыстыру керек;

- шөп тасу мен шабу жұмыстарын күннің салқын таңғы және кешкі уақыттарында жүргізіп, ауа температурасы шамадан тыс жоғары болған жағдайда дала жұмыстарын атқармаған жөн;

- темекі тартатын адамдардың назарына ұсынатынымыз, темекі тартып болған соң тұқылын сөндіріп, лақтыру қажеттігін, егер де темекі тұқылдары жартылай сөндіріп тасталған жағдайда ыстық салдарынан қайта тұтанып, өртке ұласып жататынын қаперге саламыз;

- жеке тұрғын үйлерде қыстан қалған ескі қоқысты көктем мезгілінде уақтылы шығаруды ұйымдастыру керек. Себебі қора артындағы қоқыстардың белгісіз жағдайда тұтануы шаруашылық құрылыстарының өртенуіне әкеліп соғатын кездер көптеп кездесіп жатады, – деді ол.

Күннің ыссылығы тек қызыл жалынға ғана емес, адам өмірі мен денсаулығының нашарлауына да сеп. Себебі жоғары температура кезінде көптеген жанның қан қысымы көтеріліп, өзге де сырқаттары дендеп, ақ халаттылардың көмегіне жүгініп жатады. Бұған қатысты денсаулық сақтау саласы мамандары өз кеңесін ұсынып, аудан халқының денсаулығы нашарлауының алдын алуда.

– Күн өту – адам ағзасына ыстық қатты өткен кезде туындайтын ауру. Бұған, әрине, мән бермесе, ауруға айналады. Оған, әсіресе, жүрек және қан-тамыр ауруларымен ауыратын, сондай-ақ эндокрин сырқатына шалдыққан адамдар бейім келеді. Аптап ыстықта ұзақ уақыт бас киімсіз жүру салдарынан адамның басына күн өтуі мүмкін. Күн өтудің бастапқы белгілері – ауыз қуысының қатты кебуі, шөл қысу, бас ауруы немесе бас айналу, әлсіздік, жүрек айнуы. Күн өткенде бастапқыда адамның тамыр соғысы, жүрек қағысы жиілеп, тынысы тарылуы мүмкін. Сондай-ақ құлағы шулау, денесі ауырсыну, құсу, терлеу, мұрыннан қан кету, 38-40 градусқа дейін ыстығы көтерілу, есінен тану сияқты белгілер болады. Қан қысымымен зардап шегетіндерге ол қауіптілеу. Қатты ыстықтан кейбіреулерде қан қысымы жоғарылап, ауыр асқынуларға ұшырауы ықтимал. Біз көп жағдайда келесідей медициналық көмек пен үй жайындағы өз-өзіне қызмет ету түрін ұсынамыз:

- күн өткен кезде жағаны босатып, сырт киімді шешіп, салқын жерде демалу керек. Мүмкін болса, күн өткен адамға салқын су сепкен жөн. Салқын суға түсу де мұндай жағдайда жақсы көмектеседі;

- күн өткен науқасқа мұздай су беруге болмайды, себебі ол бронхитке, өкпе қабынуына әкеліп соғуы мүмкін. Күн өту салдарынан адамның басы қатты ауырғанда және ыстығы көтерілгенде 1-2 таблетка анальгин немесе ацетилсалицил қышқылын берген дұрыс;

- егер күн өткен адам есінен танып қалса, нашатыр спиртін иіскету керек. Сонымен қатар науқасты шалқасынан жатқызып, аяғын сәл көтеріп, шешіндіріп, демалдыру қажет. Ал егер есін жоғалтпаса, ыстық шай, су немесе аздап тұз қосылған су (1 литр суға жарты шай қасық тұз қосып) берген жөн.

Күн өтуден сақтану шараларына тоқталар болсақ, ол үшін аптап ыстық кезінде тамаққа тойып немесе ішімдік ішіп алып далада ұзақ жүруге болмайды. Сонымен бірге жоғары температурада далада ұйықтамаған жөн. Күн өтпеуі үшін жеңіл бас киім киіп немесе ақ орамал тағып алу керек, сондай-ақ қимылқозғалысқа кедергі келтірмейтін ашық түсті жеңіл киім кию қажет. Сонымен қатар жеңіл аяқ киім киген абзал. Жеміс-жидек, көкөністер мен жеңіл, сіңімді тағам жеу де күн өтуден сақтануға көмектеседі. Күннің ыстық кезінде далада көп жүрмей, жабық, салқын жерлерде болған дұрыс. Сондай-ақ су ішіп жүруді ұмытпаңыз, – дейді Казталов аудандық ауруханасының «Отбасы денсаулығы орталығы» меңгерушісі Жанар Абдрахманова.

10

Ауа температурасының жоғары болуының кері әсері басым. Шілденің 8-13-і күндері өрттің орын алу қатері жоғары болды. Мұндай уақытта тағы да ауызбірліктің қажеттігі айтпаса да түсінікті. Азаматтық ұстанымымызды жетілдіріп, дала өрті орын алған кезде төтенше жағдайлар бөлімі мамандарымен бірге әрекет еткен жөн. Сондай-ақ дәрігерлердің де медициналық кеңесін назардан шығармайық. Қызыл жалын шарпып, денсаулығымыз сыр берсе, мамандардың көмегіне жүгінген абзал. Шаруалардың еңбегі де, адам өмірі де қоғам үшін маңызды болуға тиіс!

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале