19.07.2022, 16:32
Оқылды: 83

«Нарынқұм Жаңақала - 2022» жүгіру марафоны өтті

Ауданда алғаш рет Жаңақала ауданы әкімшілігі, Жаңақала аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, Мәстексай ауылдық округінің әкімдігі, «Uralsk Runners» спорт клубы, «Power Qazaqstan» ЖШС жеке қоры, «Ассамблея жастары» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысындағы өкілдігі, «Janaqalarunners» әуесқой жүгірушілер тобының ұйымдастыруымен «Нарынқұм Жаңақала – 2022» трейл жүгіру жарысы өтті.

2

Жаңақала ауданының қайта құрылғанына 50 жыл толуына орай өткен іс-шараның ресми серіктестері – Жайықмоторс және Тассай Уральск компаниялары. Аталмыш марафонның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, жүгіруді бұқаралық және қолжетімді спорт түрі ретінде насихаттау, тұрғындарды, балаларды, жасөспірімдер мен жастарды дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысуға тарту, ауданаралық, республикалық спорттық байланыстарды және спорттық туризмді дамыту. Марафонға қатысушы спортшыларды аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысындағы өкілдігінің төрағасы Дулат Мақатов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Данял Танзенов және Жаңақала жастары қарсылап алды. Республикамыздың әр өңірінен келген 150-ге жуық қонақтарға жерлестеріміз, аудандық мәдени-демалыс орталығының өнерпаздары домбырамен ән шырқап, бауырсақ пен ақтан ауыз тигізіп, қонақжайлылығын танытты. Аудан әкімінің орынбасары А.Еслямғалиева «қош келдіңіз» айтып, келесі күні Мәстексай ауылдық округіне қарасты құмдағы құт мекен Мұқыр ауылында өтетін жарысқа сәттілік тіледі. Одан әрі ауданымызға келген делегация Д.Нұрпейісова атындағы өнер мұражайына барып, жәдігерлермен танысып, алған әсерлерімен бөлісті.

1

Бұдан соң жарысқа қатысушылар марафон өтетін мекенге бет алып, тарихымыздағы ең алғашқы сәулеттік құрылыс – киіз үйге жайғасты. Ертесі таңғы салқынмен басталған жарыстың ашылу салтанатында алдымен аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева қатысушылар мен қонақтарға ізгі лебізін білдіріп, жеңіс тіледі.

3

Одан әрі «Uralsk Runners» және «Power Qazaqstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеке қорының өкілі Руслан Мұхамбетқалиев және жарысқа қатысушы Галина Баглаева (Ақтау қаласы), Айбек Хамзаев (Ақтөбе қаласы), Райымбек Зайдогалиев (Шымкент қаласы), Булат Давлетьяров пен Нұрғали Халиев (Атырау қаласы), Нұрысбек Сексембай (Алматы қаласы) құттықтау тілегін жолдады. Бұдан соң марафонға сақадай сай келген спортшылар сөреден жүгіруді бастап кетті. Жарыс 98 пайыз құм, 2 пайыз қара жолда 8 бен 16 шақырымға ниет білдірушілер екі санат бойынша, яғни ерлер мен әйелдер арасында өтті. Барлық қашықтықтың сөресі мен мәресі құмды жердегі Мұқыр ауылының жанында орналасқан. Спортшылар Ақтөбе, Атырау, Шымкент, Алматы қалаларынан келсе, онлайн түрде Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Карағанды, Алматы, Екібастұз, Ақтау, Шымкент, Атырау, Ақтөбе, Семей, Петропавл, Павлодар, Ақсай, Шахтинск, Риддер, Санкт-Петербург, Теміртау қалаларынан бақ сынады. Қатысушы желаяқтар белгіленген сөреден бастау алып, үлкен шеңберден соң қайта сол жердегі мәреге жетті. Таңмен таласа оянған Мұқыр елдімекенінің тұрғындары да іс-шараны тамашалап, спортшыларға қолдау білдірді.

Жүйріктерді анықтаған трейл

Тартысқа толы жарыста қарсылас шақ келтірмей, оза шапқан жеңімпаздарға ұйымдастырушылар атынан диплом, ақшалай сыйлық пен медаль табысталды. Дәлірек айтсақ, 8 шақырым қашықтықта ерлер арасында бірінші болып Жарас Айтуаров (Бәйтерек ауданы) келді. Одан соң Архат Исенғалиев (Бөкей ордасы ауданы) екінші, Сұлтанбек Өтепов (Бөкей ордасы ауданы) үшінші болып мәреге жетті. Дәл осы шақырымда әйелдер арасында ІІІ орынға Райгүл Аймурзиева (Орал қаласы), ІІ орынға Елена Гусманова (Орал қаласы) ие болса, Ляззат Төлепбергенова (Бәйтерек ауданы) жеңімпаз атанды. 16 шақырым қашықтықта жүгіруде бірінші болып Нұрысбек Сексембай (Алматы қаласы) мәре сызығына жетті. ІІ орынға Баубек Ильясов (Казталов ауданы), ІІІ орынға Қолғанат Гайнуллин (Жаңақала ауданы) табан тіреді. Ал әйелдер арасында Галина Баглаева (Ақтау қаласы) ІІІ орынды, Дарья Авдеева (Орал қаласы) ІІ орынды бағындырды. І орынды Нұргүл Орынбасар (Орал қаласы) жеңіп алды. Сонымен қатар «Ең үлкен спортшы» бағамын Акалка Баймұқанова (59 жас), «Ең жас спортшы» бағамын Жақсыбек Қуаныш (11 жас) иемденді. Іс-шараның соңында ұйымдастырушылар мен қатысушылар екі күнге жалғасқан демалыстан алған әсерлерімен бөлісіп, алғыстарын білдірді.

5

- Мен 16 шақырым жүгірдім. Бұл марафонға арнайы Алматы қаласынан келдім. Кәсіби жүгірумен айналысамын. Әуесқой жүгірушілерді жаттықтырамын. Жарыс жөнінде айтар болсам, бір сөзбен айтқанда маған бәрі ұнады. Жол жақсы. Ауа райы да бүгінгі өтіп жатқан марафонға орай үйлесім тауып тұр, - дейді І орынға ие болған Нұрысбек Сексембай.

«Таңғажайып Мұқыр немесе кәсіпкерлерге үндеу»

- Еліміз бойынша туризм саласы кенже дамыған және дамуды қажет ететін сала десек, артық айтпағанымыз болар. Кең байтақ жерімізде бұлтпен теңескен таулар, нулы ормандар, бұйрат құмдар мен жанға жайлы мекендер көптеп кездеседі. Осындай әсем табиғаттың барлығы – қазақ елінің табиғи байлығы екені хақ. Ал осынау табиғат ананың сыйын бүгінде тиісті деңгейде пайдаланып жүрміз бе? Бұның өзі күрделі мәселе.

Марафон өткен Мұқыр елдімекенін көзі қырақты, табиғи байлықты бағалай алатын Республиканың әр жерінен жиналған спортшылар таңданып, өз әсерлерімен бөлісіп жатты. Осыдан-ақ, Мұқыр мекенінің ішкі туризмді дамытуға әлеуетінің зор екенін көруге болады. Суға толы Қараөзен мен Мұқыр өзендері, айналасы ешбір жерден кем түспейтін табиғи бұйрат құмдар мен шағылдар сөзсіз таңдай қақтырады. Келешекте бұл жерге инвесторлар қаржы құйып, жазғы мезгілдерде демалыс орындарын ашар болса, аудан, облыс тіпті басқа өңірлерден де туристердің ағылары сөзсіз. Бұқара табыс тапқысы келеді, ал демалушылар арзан демалыс орнын іздейді. Бұдан жергілікті жер не ұтады?!

Біріншіден, кәсіпкерлер көмегімен демалыс орындары бой көтереді;

Екіншіден, жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындары ашылады;

Үшіншіден, жергілікті халықтың табыс көз артады;

Төртіншіден, халықтың сауда-саттық мәдениеті қалыптасып, бәсекелестік артады;

Бесіншіден, демалыс орнына апаратын жол жақсарады.

4

Марафонға келген спортшылар мен қонақтар аудан орталығы мен Мұқыр ауылындағы дүкендерге біраз кіріс кіргізіп, саудасын жүргізді. Осыдан-ақ, жергілікті кәсіпкерлер көп нәрсені ұғынады деген ойдамыз. Осы істі қолға алар кәсіпкерлер табылып, демалыс орындарын жасақтаса, өңіріміздің туризмі саласына қосқан зор үлесі болар еді. Ал демалушы отандастарымыз Мұқырдың құмын Дубайдан, тарихи-мәдени орындарды басқа өңірлерден іздемесі анық, - дейді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Данял Танзенов.

Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале