19.07.2022, 17:30
Оқылды: 26

Оралда дәстүрлі кездесу өтуде

Бүгін Оралда Орхус орталықтары мен ҮЕҰ-мен (Үкіметтік емес ұйымдар) Жайық өзенін қорғау күніне орай дәстүрлі кездесу басталды.

IMG_20220719_115858

«Қоршаған ортаны қорғау және трансшекаралық өзендер, оның ішінде Жайық өзені бойынша ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету» тақырыбында өтіп жатқан басқосуға Экология, геология және табиғи ресурстар Вице-министрі Зүлфия Сүлейменова, Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Тараз, Атырау, Ақтау, Атбасар, Көкшетау қалаларынан және Ресей Федерациясынан қонақтар қатысуда.

- Бүгінгі басқосу өте маңызды деп есептеймін. Жайық өзенінің бассейні Атырау мен Батыс Қазақстан облысында, РФ-ның шекаралас аудандары арасында әлеуметтік-экономикалық маңызды рөл атқарады. Екі ел үшін де тарихи-мәдени мәні бар өзен. Дегенмен соңғы уақытта Жайық бассейні  экожүйесінің нашарлағандығы байқалады. Су сапасының төмендеуі, орман алқабының, биологиялық ресурстардың, әсіресе бағалы бекіре балықтарының азаюы алаңдатуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоршаған ортаны қорғауға ерекше көңіл бөлуде. Ол Алтыншы Каспий саммитінде өзара күш біріктіре отырып, Жайық өзенінің жағдайын жақсарту бойынша ортақ жоспар әзірлеуге шақырды,  - деді жиында облыс әкімінің орынбасары Арман Өтеғұлов.

IMG_20220719_115853

Шарада Вице-министр Зульфия Болатқызы да бүгінгі жиынның маңыздылығына тоқталып, барлық қатысушыларға табысты жұмыс тілеп, нақты шешім қабылдауға шақырды.

Облыстағы өзен-көлдердің жайын баяндаған БҚО қоғамдық кеңесінің төрағасы Ербол Салықов ұсыныс та айтты.

-Батыс Қазақстан ата кәсіп мал шаруашылығын дамытуда көшбасшылар қатарында. Алайда су мәселесіне қатысты жағдай ушыға беретін болса, жетістігіміз жоққа шығып, экономикалық-әлеуметтік саламыз құлдырайтыны өз алдына, экологиялық проблемалармен бетпе-бет келуіміз мүмкін. Облыс аумағындағы өзендердің тартылып, көлдердің кеуіп жатқаны жасырын емес. Су ресурстарын сақтау тек Қазақстан емес, тұтас адамзат үшін түйткілді мәселеге айналды. Бір ғана Жалтыркөл мемлекеттік  зоологиялық қорықшасын мысалға алайықшы. Жаңақала ауданындағы бұл қорықшаның жеріне Көшім өзенінің жоғарғы ағысы, Итбатыр және Жалтыркөл жағалаулары кірген еді. Аумағы - 19 мың гектар. Көл жағалауында қоға, қамыс қаулап өсті. Айналада аң-құстың су айдындары, балықтың түр-түрі болды. Қорықшаның қазіргі сиқын көрсеңіз бір кездері  нулы-сулы жер болды дегенге сену қиын. Кезінде тұтас ауданды асыраған Еділсор көлінің де тағдыры осындай. Кепкен көлдердің табанынан тұз көтерілсе халықтың денсаулығына да қауіп төндірері сөзсіз. Жайық суға жарымаған соң, оның бойындағы орман алқабының құрып бара жатқанын айтып, мамандар дабыл қағып келеді. Биыл оңтүстік аудандарды сумен қамту үшін 5 млрд. теңгеден астам қаржы бағытталғаны белгілі. Қалыптасқан жағдайдың бір себебі біздің тараптан көрші мемлекет беруге дайын су үшін шығындарды өтеуге қаражаттың толық шешілмеуі. РФ-ның Үлкен және Кіші өзендеріне құятын су көлемдерін ұлғайту мақсатында жыл сайын сатып алуға бөлінген қаржы көбейгенімен, инфляцияның әсері, су тарифі мен рубльдің құбылуы салдарынан межелі мақсатқа қол жеткізе алмай отырмыз. Сатып алған су көлемі өзендердің ағынынан сақтауға ғана мүмкіндік береді. Біздің пікірімізше, келешекте қаржылық мүмкіндікті қайта қарап, көрші елден суды мол алудың шұғыл шараларын қабылдаған дұрыс. Сол арқылы Казталов, Бөкей орда, Жаңақала аудандарындағы кеуіп қалған су қоймалары мен көлдерді суландырамыз. Президенттің тікелей атсалысуымен Жайық өзені аңғарының экожүйесін сақтау жөнінде 2024 жылға дейінгі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы туралы бағдарлама қабылданғаны белігі. Біз бұл мәселені бірнеше мәрте көтердік. Жайық өзені жойылмасын десек, оған ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектісі мәртебесі берілсе деген ұсынысымыз бар. БҚО қоғамдық кеңесінің бұл ұсынысы жүзеге асса дейміз, - деді Ербол Ғұмарұлы.

IMG_20220719_115903

Дәстүрлі кездесуде баяндама жасаған «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапанов, мекеме жүргізген мониторингке тоқталып өтті.

-«Қазгидромет» РМК еліміздегі 134 су нысанында орналасқан 372 бақылау бекетінде жер бетіндегі су ресуртарының жай-күйіне мониторинг жүргізеді. Олардың ішінде 88 өзен, 29 көл, 13 су қоймасы, 3 канал мен 1 теңіз бар. Ал гидрохимиялық 40 бақылау бекеті Ресей федерациясы, Қытай Халық республикасы, Өзбекстан Республикасынан өтетін 33 трансшекаралық өзенді бақылайды. 2022 жылдың алғашқы жартыжылдығында 4 трансшекаралық өзенде  жоғары деңгейде ластанған 49 жағдай тіркелді. Атап айтсақ, Елек, Тобыл, Обаған, Желқуар өзендері. Дейтұрғанмен «ластанудың төтенше жоғары» деңгейі тіркелген жоқ.

Мемлекеттік гидрохимиялық мониторинг республикада Жайық өзеніне жүргізіледі. Атырау облысында - 12, Батыс Қазақстан облысында 5 бақылау бекеті бар,  - деді Тілеген Қойшыбайұлы.

Су сапасын бағалау 5 класс бойынша жіктеледі. Яғни, ең таза көздер 1-інші класқа, ең лас көздер 5-інші класқа жатады.

Оның айтуынша, Жайық өзені (БҚО) суының сапасы 2020 жылы 4 класқа жіктелген. Себебі судағы қалқымалы заттар мөлшері – 22,45 мг/дм³ құраған. Ал 2021 жылы судағы фенол мөлшері – 0, 497 мг/дм³ құрап, өзендегі су сапасы 3 класқа жатқызылған. Ал биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында судағы фосфат мөлшері – 0,497 мг/дм³ жетіп, өзен 3 класқа жіктелді.

Жайықтың Атырау облысындағы сапасы 2020 жылы судағы қалқымалы заттардың мөлшері – 222,3 мг/дм³ жетуіне байланысты, 5 класқа жіктелген. 2021 жыл мен 2022 жылдың алты айында судағы магнийдің мөлшері көтеріліп, 4 класқа жатқызылды.

Январцев ауылындағы Жайық өзенінің сапасы 4 класқа жіктелген. Өзеннің суы суару және өнеркәсіп үшін жарамды, алайда шаруашылық пен ауыз су мақсатында  пайдалануға арнайы әдіс пен дайындық қажет көрінеді.

Айта кетейік, екі күнге созылатын жиында ғалымдар, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, аймақтық Орхус орталықтарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ұлттық және халықаралық сарапшылар, экобелсенділер баяндама жасап, ойталқы өткізеді.

Динара Насыр,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале