Орал қаласындағы «Аквариум» сауда үйінің ғимаратында орналасқан «USTUDY» компьютерлік тестілеу орталығында ашық есік күні ұйымдастырылды.
Аталмыш іс-шараға Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов, облыстық мәслихат депутаты Азамат Бисенов, «AMANAТ» партиясы Орал қалалық филиалының атқарушы хатшысы Бауыржан Мұхамбетжанов, Орал қалалық мәслихат хатшысы Есентай Қалиев, мәслихат депутаттары Азима Ғұбашева мен Аида Маратова, КАЗИИТУ ғылыми-білім кешенінің ректоры Әліби Баяхов және кәсіпкерлер мен блогерлер, жастар ресурстық орталықтарының өкілдері қатысты.
«USTUDY» компьютерлік тестілеу орталығының Батыс Қазақстан облысы бойынша директоры Әділгерей Зұлхаров келген қонақтарды орталықтың жұмысымен толықтай таныстырды.
– Қазіргі таңда орталықтың Батыс Қазақстан облысы бойынша екі филиалы жұмыс істеуде. Орал қаласында 200 адамды бір уақытта қабылдай алатын болса, Ақсайда 40 орынға арналған зал бар. Алдағы уақытта орындар санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл жердің негізгі артықшылығы – барлығы электронды сипатта. Сондықтан да мұнда тест компьютер арқылы онлайн түрде тапсырылады және жауаптарын бірден білуге мүмкіндік туады. Орталықта орнатылған бақылау камералары 24 сағат жұмыс жасап тұр. Тәртіп бұзған азаматтар бақылау камералары арқылы анықталып, тесттен шығарылады, – деді Әділгерей Зұлхаров.
Орталыққа келген тест тапсырушы талапкерлер мамандарға магистратура, докторантура, халықаралық тіл білімі, сондай-ақ жүргізуші куәлігін алу бойынша қойған сұрақтарына толық жауап алды.
– «USTUDY» компаниясының облыстық филиалы 2019 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Бүгінде ұстаздарға арналған Ұлттық біліктілік, мектеп бітірушілерге Ұлттық бірыңғай тестілеу, магистратура, докторантура және халықаралық тіл білімі тесттері бізде өткізіледі. Шілде айының 2-сі күні мектеп бітірушілерге арналған Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. Біздің орталықтан 9 154 түлек екі мүмкіндікпен тест тапсырған болатын. Соның ішінде ең жоғарғысы 136 балды құрады, – дейді компанияның серіктесі Айнаш Бижанова.
Аманжол Исламғали,
zhaikpress.kz