20.07.2022, 21:22
Оқылды: 61

Қаратөбеде Қауеновтың құрметіне айтыс өтті

Қазақ өнерінің шыңы болған ақындар айтысы бүгін Қаратөбе ауданында дүркіреп өтті. Республикалық деңгейде ұйымдастырлған ақындар айтысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республикалық, облыстық ақындар айтысының жүлдегері, жерлес ақын Александр Қауеновтың 70 жылдығына арналды.


Айтыс (1)

Белді ақындардың қатысуымен өткен шара аудандық мәдениет үйінде өз жалғасын тапты. Алдымен жиылған жұртшылыққа айтыстың ақтаңгері Александр Қауеновтың жеке өмірі мен шығармашылығына арналған бейне түсірілім назарға ұсынылды.

Кеш қонақтары мен республикаға танымал жас ақындарды аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев  құттықтап сөз сөйледі.

Аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев:

– Бүгін ауданымызда республикалық ақындар айтысы оздырылып отыр. Бұл бастама елдің ортасынан шыққан ақын Александр Қауеновтың 70 жылдығына арналды. Айтысты жақсы көрмейтін,  сүймейтін адам кемде-кем. Біздің ауданымыздан да талай елді аузына қаратқан, қара сөздің қаймағын сапырған ақындарымыз да шықты. Александр Қауенов ағамыз да талай айтыстың жілігін шаққан майталман ақындардың бірі болды. Бұл шараны өткізудегі мақсат – қасиетті Қаратөбе топырағынан шыққан ақын ағалардың өмір жолын кейінгі ұрпаққа насихаттау болып табылады. Баршаңыз бүгінгі шараға қош келдіңіздер! - деді.

Сондай-ақ, мерейлі шарада облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сайран Темірғалиұлы, киелі топырақта кіндік қаны тамған жерлес ақын апамыз Шолпан Қыдырниязова, ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері, айтыскер ақын Дариға Мұштанова сөз сөйлеп, Александр Қауеновтың өмір жолына, кезінде ақын ағамен талай додаларда айтысқан жастық кездері мен естеліктерін ортаға салды. Ақын ағамыздың жары, бүгінде ұл қыздарының аяулы анасы Рая апамыз осы игілікті шараны республикалық деңгейде ұйымдастырылуына атсалысқан аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевке және аудандық мәдениет тілдерді дамыту және дене шынықтыру, спорт бөлімінің басшысы Ғалымгерей Қажыгерейұлына зор ризашылығын білдірді.

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет пен орталығының директоры, әділқазылар алқасының төрағасы Бауыржан Халиолла айтыстың ережесін таныстырып өтті.

Бүгінгі ұйымдастырылып отырған ақындар айтысына 14 ақын қатысып, аламанда өз бақтарын сынады.

Бірінші бөлімде ақындардың алғашқы легі бөкейордалық Талғат Мықи мен жерлес ақын Райымбек Өтепов арасында тартысты өтіп, аға-іні арасында әзіл-қалжыңы аралас айтыс болды. Түске дейінгі уақытта барлығы 7 жұп өз өнерлерін көрсетті.

Айтыс (3)

Аламан айтыстың екінші бөлімі түстен кейін жалғасты. Финалдық кезеңге жолдама алған 4 жұп өткір де өзекті мәселелерді қозғай отырып, көрермен қошеметіне бөленді. Айтыстың ақтаңгері Александр Қауеновтың ақындық өнеріне де тоқталып өткен ақындар табанасты суырыпсалмалық қасиеттерін де көрсете білді.

Екінші кезеңде көрермен жүзіне күлкі сыйлап, тамаша көңіл күй сыйлаған ақындардың ішінде қыз бен жігіт айтысының нақ үлгісін көрсеткен сырымдық ақын Бауыржан Ширмеденұлы мен Нұр-Сұлтандық Айнагүл Кәрімованың арасында өтті. Тартысқа толы сөз сайысының үлгісін бөкейордалық Талғат Мықи мен Ақжайық ауданының адуынды ақыны Мейірман Шәкенов арасындағы айтыстан көрген көрермен, желпіне қол соқты.

Жерлес ақын Александр Қауеновты еске алуға арналған айтыстың екі кезеңінің қорытындысы бойынша әділқазылар алқасының төрағасы Бауыржан Халиолла сөз сөйлеп, айтыстың өту барысы жөнінде салмақты да салихалы ойын жеткізді.

Айтыс қорытындысы бойынша бас жүлде бөкейордалық ақын Талғат Мықиға бұйырды. Ақынға 700 мың теңге ақшалай сыйлық табыс етілді. Жүлделі I орынды Алатаудың баурайынан осы айтысқа арнайы келген жетісулық ақын Аяулым Жұмабекова еншіледі. Әділқазылар алқасының шешімі бойынша ІІ орын екеу, ІІІ орын екеу болып белгіленді.

Айтыс (7)

II орынды Ақжайықтан келген ақын Мейірман Шәкенов пен жаңақалалық ақын Данияр Нысанғалиев қанжығасына байлады. Екі ақынға да 200 мың теңгенің сертификаттары мен алғыс хаттар табысталды.

III орынды Жәнібек ауданы атынан шыққан Мұрадым Мирланов пен Ақтөбе облысынан келген жас ақын Қайырхан Жұбаниязов иеленіп, 150 мың теңгеден ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Содай-ақ  сахнада көсіліп, ақындық өнерін жақсы қырынан таныта білген сырымдық Бауыржан Ширмеденұлы «Жалғас Жантілеуов» атындағы, Нұр-Сұлтан қаласынан келген Айнагүл Кәрімова «Алексндр Қауенов» атындағы, Мұрадым Мирланов «Дінекеш Айтжанов» атындағы, Талғат Мықи «Қайыржан Хасанов»  атындағы аталымдарға ие болып, 100 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Аламан айтысқа қатысқан өзге де ақындарға алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Айтыс (10)

Шара соныңда Александр Қауеновтың үлкен ұлы Шынтас Александрұлы сөз сөйлеп, әкесін ұмытпай өз туған елінде аламан айтыс өткізген жерлестеріне және ұйымдастырушыларға отбасы атынан алғыс білідіріп, естелік сыйлықтар табыс етті.

 

Әмірбек Жәнібеков,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

                                                                                       

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале