25.07.2022, 15:15
Оқылды: 92

Туризм қашан тығырықтан шығады?

Бұған дейін жазғанымыздай бүгін облыс әкімдігінде өткен, өңіріміздегі туризм саласының қазіргі жағдайы және саланы дамыту барысы талқыланған кеңесте Жұмакелді Батырниязов келтірген статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінгі күні облыста туристік қызмет көрсетуге лицензиясы бар үш туристік оператор және 51 туристік агенттіктер тіркелген.

WhatsApp Image 2022-07-25 at 14.34.41

Ал соңғы бес жылда, пандемияға дейінгі 2015-2019 жылдар ішінде келу және ішкі туризмге келушілер саны 15% - ға, яғни 94 461 туристтен 108 454  туристке артқан.

Биылғы жылдың бірінші тоқсаны облысқа туризмнің түрлі бағыттарын қамтитын объектілерге 17 374 турист келіп, 661,8 млн. теңге көлемінде қызмет көрсетілген.

WhatsApp Image 2022-07-25 at 10.43.50

Батыс өңіріне келген туристерге қандай туристік бағыттарды, нысандарды ұсына аламыз? Басқарма басшысы 27 туристік бағыт әзірленіп, тізілімге енгізілгені туралы айтты. Ол бағыттар ішіндегі ең танымал түрлері:

  • Бөкей хандығына экскурсия, 90-нан астам,
  • Шыңғырлау ауданына Джип тур, 60-тан астам,
  • Батыс Қазақстан облысының киелі жерлері, 100-ден астам,
  • Ең кішкентай сарқырама, 100-ден астам туристерді қамтыған.

Сала басшысының мәліметтері бойынша, ішкі туризмдегі келушілер санын көбейту үшін туризм объектілерін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ең бірінші кезектегі мәселе болып тұр.

WhatsApp Image 2022-07-25 at 14.34.41 (1)

Мысалы, облысымыздағы үлкен сұранысқа ие ішкі туризм нысанының бірі Бөкей ордасында орналасқан Хан ордасы музей қорығына жеткізер жол бағыттарында жөндеу жұмыстары әлі де жалғасып жатқаны бәрімізге аян. Аталған нысанға туристер легін жылына 50 000 адамға дейін арттыру мүмкіндігі тек жөндеу жұмыстары аяқталғаннан соң, яғни 2023 жылы ғана пайда болады.

Ішкі туризмді дамытудың маңызды бағыты жол бойындағы қызмет көрсету сервисін реттеп, жолға қою. Жол бойында тоқтап, демалу үшін сервистер қажеттілігін туғызатын өңірдегі туристік объектілердің облыс орталығынан шалғай және әртүрлі бағыттарда орналасуы. Атап айтсақ, Хан Ордасының өзі 500 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан, сонымен қатар облыс аумағында транзиттік бағыттағы күре жолдар өтіп жатыр.

Осы мәселеге қатысты «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ  БҚО филиалымен жол бойындағы сервис объектілерін орнату мақсатында 22 бос алаң анықталған. Қазіргі уақытта олардың төртеуін жеке кәсіпкерлер пайдалануда.

Биылғы жылы келесі бағыттар бойынша 10 жаңа жол бойындағы сервис объектілерін салу үшін жер аумағын беру жоспарлануда:

  • «Подстепное – Федоровка - РФ шекарасы» - 4 дана;
  • «Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы» - 4 дана;
  • «Өнеге – Бисен –Сайқын» - 2 дана.

Айта кету керек, бұл жоспар жолдарды қайта құру және күрделі жөндеу жобалары аясында жүзеге асырылмақ.

Облыс әкімі туризм саласында субсидиялауға, шығындардың бір бөлігін өтеуге мемлекеттік қолдау тетіктері бойынша қанша өтінімдер түскені туралы сауал қойды. Сала мамандарының мәліметінше, өкінішке орай, мемлекеттік көмек көрсету құралдары биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілсе де қазіргі күні бірде-бір адам өтініш білдірмеген. Басқарма болса бұл олқылықтың себептерін бұрынғы ереже бойынша құжаттарды қабылдау мерзімі тек 1 наурызға дейін болуына байланысты үлгермей қалғанымен түсіндіріп отыр. Бүгінгі таңда құжаттарды қабылдау мерзімін 1 шілдеге дейін ұзарту бойынша ережеге өзгерістер енгізілетінінен хабардар етті.

Өңір басшысы Ғали Есқалиев мемлекеттік қолдау туралы ақпараттың нашар насихатталуына қатысты сын айтып, бұл бағыттағы барлық мүдделі басқармалардың қызметін күшейтуді тапсырды. Сайт жасақтау, сыртқы безендіру, визит-орталықтар жасау қажет, алайда Қазақстан бойынша Visit Kazakhstan, әлем бойынша Trip Advisor, т.б. сияқты сайттар мен қосымшаларда Батыс Қазақстан, атап айтқанда Орал қаласы бойынша ақпараттың мүлдем жоқтығына байланысты ескерту жасады.

Жергілікті Visit Uralsk сайтының қаралымы бойынша сандық көрсеткішке қатысты қойылған әкімнің сұрағына басқарма басшысы нақты сандар бойынша мәліметтерді келтіре алмады. 

- Келетін туристер өте аз, басым бөлігі жергілікті тұрғындарымыз. Сырттан әдейілеп келетін туристер ақпарат таба алмайды. Турларға келетін болсақ олар тек бір күндік. Сырттан туристерді тарту үшін турлар облыс бойынша кем дегенде үш, бес, жеті күндік болуы қажет. Осындай тартымды, қолжетімді, қызықты турлар болса ғана туристер келеді, - деді Ғ.Есқалиев.

Сондай-ақ облыс басшысы өңірдегі туризмді дамыту әлі де тынымсыз жұмысты қажет ететініне аса назар аударды.

Альфия Шамаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале