Облыс әкімі Ғали Есқалиев Сырым ауданына жұмыс сапарымен келді. Өңір басшысы Бұлан ауылындағы ауыз су құбырын тарту жұмыстарымен танысты.
Ауданда Бұлан, Жамбыл, Қособа, Жырақұдық, Алғабас, Қарағанды бағытында су құбыры тартылып жатыр. Сырым аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Артур Искаков Ғали Есқалиевке жобаны таныстырды.
Су құбырының құрылысы келісімшартта желтоқсан айына дейін белгіленгенмен, қараша айына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Алты елді мекен бойынша құны 2 мрлд 51 млн теңге болатын жоба қаржысының 80 пайызы – 1 млрд 621 млн теңгесі республикалық бюджеттен бөлініп тұр. Енді қалған 20 пайызы – 410 млн теңге көлеміндегі қаржы облыстық бюджеттен бөлінуі тиіс.
Бас мердігер – «СМУ-Шығыс» ЖШС-ның Сырым ауданындағы филиалының атқарушы директоры Нұртілеу Бектенов облыс әкіміне құрылыс жұмыстарына тартылған көліктерді, әр нысан бойынша жұмыспен орталығы бойынша алынған жұмысшыларды қосқанда барлығы 45 адам еңбек етуде екенін айтты.
«ҚазСуШар» мекемесінің директорының орынбасары Талғат Қажғалиев Кеңашы-Жымпиты су құбырын Сырым ауданы әкімдігінің теңгеріміне беру үшін құжаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Техникалық құжат пен мемлекеттік акті қыркүйек айында дайын болады. Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев: «Өзіміздің үш скважина суды қосып, 16 сағат 300 тоннаға жуық су беріп отырмыз. Ауа райы қатты ыстық болған кезде 1000 тоннадай су береміз»,-деді. «Сырым» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Тұрарбек Нұрғалиев судың тарифі есептегіш орнатқан тұрғындарға 90 теңгеден, есептегіші жоқ үйлерге 200 теңгеден белгіленгенін айтты.
Одан кейін өңір басшысы Бұлан ауылының ақсақалдарын тыңдады. Ауыл ақсақалдары ауылға кіреберіс жолын жөндеуді сұрады. Ұялы байланыстың нашарлығын айтты. «Жол мәселесі шешілсе, шағын бизнесті дамытуға мүмкіндік молаяр еді. Ауыл ішіндегі басты жол да жөнделсе»,- дейді Қадырғали Төленов.
Ғали Нәжімеденұлы Бұлан ауылының жолын жөндеу үшін жаңадан жобалық-сметалық құжат дайындалуы керектігін айтты.
Облыс әкімінің сапары аудан орталығында жалғасты. Жымпиты ауылына кіре берісте жаңадан бой көтеріп келетін «Бұлан» шаруа қожалығының салып жатқан автокемпингтің құрылысы барысымен танысты. «Бұлан» шаруа қожалығының жетекшісі Махамбет Досалиев автокемпингтің құрылыс жоспарын Ғали Есқалиевке егжей-тегжейлі түсіндірді.
Ғали Нәжімеденұлы:
– Метан газын құятын бекеттің салынғаны дұрыс, себебі болашақта метан газына сұраныс көбейеді, қолданыс аясы артады. Қаратөбе ауданының Қоскөл ауылында бір кемпинг, «Жібек жолы» бар. Сондықтан қызмет көрсету сапасында бәсекелестік, ерекшелігі болуы керек. Балалар ойнайтын, алаң бассейн салынғаны жөн,- деді кәсіпкерге.
Махамбет Досалиевтың айтуынша, кәсібіне, кемпинг салынатын орынға жол жанындағы орман белдеуі жоспарланғаны кедергі боп отыр. Осы мәселені шешіп беруде облыс әкімінен көмек сұрады.
***
Облыс әкімі Ғали Есқалиев Сырым аудан орталығындағы ардагерлер қауымымен жүздесіп, емен-жарқын әңгімелесті. Жүздесу барысында аудан әкімі Төлеген Төреғалиев ардагерлерді облыс әкіміне таныстырып, аудандағы ахуал жөнінде тоқталды.
Облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы ардагерлер алдында облыстағы саяси ахуал, қаңтар оқиғасы, науқандық жұмыстар, бірлік, тұрақтылық жөнінде кеңінен әңгімеледі.
Ал, еңбек ардагерлері Г.Ерғалиева, С.Тәжмұхан, К.Федянин. Ғ.Қаналиев бұқаралық спортты дамыту, мемлекеттік тіл аясын кеңейту, аудан орталығынан орта мектеп, кітапхана құрылысын салу, мұражай қорын заманауи құрал-жабдықтармен қамтуды жүзеге асыру сияқты өзекті мәселелерді тілге тиек етті. Облыс әкімі ардагерлер тарапынан айтылған ұсынбаларды зейін қоя тыңдап, орта мектеп құрылысы, мұражайды жабдықтармен қамту мәселесі күн тәртібінде тұрғандығын айтты.
Сондықтан, облыс әкімі саяси дода сайлау науқанын ұйымшылдықпен өткізуде ардагерлердің басты тұлға, ақышы ретінде саналатындығын айтып, билік тұтқасына ел жағдайын білетін, білімді салиқалы, кішіпейіл азаматтардың келіп, орналасқандығы өте маңызды екендігіне де тоқталды.
Шынар Молданиязова,
Мүсірбек Айташев,
zhaikpress.kz