Бүгін Қаратөбе ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиев отбасыларында алты бала тәрбиелеп өсірген сулыкөлдік Лариса Ақымғалиева мен Қаратөбе ауылының тұрғыны Гүлнұр Есқайырованы қабылдап, «Күміс алқа» табыстады.
- Отбасындағы бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарап, олардың қоғамда өз орындарын тауып, елге елеулі азамат пен азаматша болып өсуіне зор үлес қосып келесіздер. Отбасыларың аман болсын. Ұл-қыздарыңыз бақытты болсын. «Күміс алқаларыңыз» құтты болсын! -деді аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы.
«Күміс алқа» иегерлері Лариса Құрметқалиқызы мен Гүлнұр Тілектесқызы көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан жан-жақты жағдай жасалып отырылғандығына ризашылығын білдіріп, аудан басшысына өздерін жылы қабылдап, сый-сияпат табыстап құрмет көрсеткені үшін алғыстарын айтты.
Қабылдау барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамазан Қыдырашев сөз сөйлеп, «Күміс алқалы» Л.Ақымғалиева мен Г.Есқайырованы наградаларымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
- Отбасында 3 қыз, 3 ұл тәрбиелеп келеміз.Үлкен ұлым Алматыдағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің физика-информатика факултетінің ІІ курсында, қызым Торғын осы университеттің ағылшын-орыс тілі факультетінің І курсында оқып жатыр. Елжаным мен Инабатым мектеп жасында. Жұмыссызбын. Үйде мектепке дейінгі жастағы екі баламды қарайлап, үй шаруасымен айналысамын. Мемлекетіміздің көп балалы аналарға жасап отырған жан-жақты қамқорлығына ризамын. Бала – отбасы бақыты. Сондықтан бала тәрбиесіне үлкен көңіл бөліп, олардың аман-есен өсіп, бақытты болғанын тілейміз,- дейді «Күміс алқа» иегері сулыкөлдік көпбалалы ана Лариса Құрметқалиқызы.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz