Елімізде эпидемиялық ахуал кейінгі екі күнде өзгере қойған жоқ. Күніне коронавирус инфекциясын жұқтырған 2 мыңнан аса адам анықталып жатыр. Оның жартысына жуығы – елорда тұрғындары, деп жазады egemen.kz.
Сәйкесінше, бүгінгі таңда «сары аймақта» қалып тұрған жалғыз өңір – осы Нұр-Сұлтан қаласы.
Сурет: ашық дереккөзден
1 тамыздағы жағдай бойынша коронавирусқа қатысты Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиялық ахуалды бағалау матрицасы жарияланып, Нұр-Сұлтан қаласының «сары аймақта», қалған өңірдің барлығы «жасыл аймақта» орналасқаны белгілі болды. Сенбі күні коронавирусты 2 713 адам, жексенбіде 2 414 адам жұқтырды. Өткен тәулікте індетке шалдыққаны анықталған азаматтардың 947-сі – елордалықтар. Одан кейін ең көп КВИ жұқтыру жағдайы Алматы қаласында (464 адам), Қарағанды облысында (367 адам) және Ақмола облысында (101 адам) тіркелді. Жалпы, пандемия басталғалы аталған инфекцияға елімізде 1 352 594 адам шалдықты.
Қазір елімізде коронавирустан 26 687 адам емделіп жатыр. Олардың ішінде 1 527 пациент стационарда, 25 160 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Бұл ретте 44 адамның жағдайы ауыр, 10 пациенттің жағдайы өте ауыр және 5 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылғанын айта кету керек. Ал өткен тәулікте 1 949 адам коронавирус инфекциясынан жазылып шықты.
Халқы індетке жиі ұшырап жатқан астанада 7 инфекциялық стационар жұмыс істеп жатыр. Бұл инфекциялық стационарлардың сыйымдылығы 634 төсекті құрайды. Онда қазір 449 адам ем қабылдауда, стационар жүктемесі 70,8%-ды құрайды. Оның ішінде 438 науқаста КВИ расталса, 11 адам пневмониямен ауырып жатыр. Жан сақтау бөлімшесінде 28 пациент емделіп жатыр, оның біреуі ӨЖЖ-ға қосылған. Аталған бөлімшедегі жүктеме 38,9%-ды құрайды.
Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласында өткен тәулікте 2 780 ПТР зерттеу жүргізіліп, нәтижесінде 947 алғашқы зертханалық расталған жағдай, 12 қайталама жағдай тіркелді. Пандемия кезеңінде барлығы 3 397 437 ПТР зерттеу жүргізілді.
Ал вакциналау жағдайына келсек, бүгінде Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы бірінші компонентпен 9 554 903 адам, екінші компонентпен 9 334 764 адам вакцина салдырды. Соның ішінде Pfizer вакцинасының бірінші дозасын 1 234 557 адам, екінші дозасын 1 186 887 адам алды.