Қаратөбе ауданында ата-бабаларымыздан мұра болып қалған қолөнер ісімен айналысатын шеберлер баршылық. Солардың бірі – зейнеткер Аманжан Қашқынов. Шөптікөлдік ақсақалдың шаңырағының төрінде ілінген қамшы мен түлкінің терісі бірден көзімізге түсті. Ағамыздың қолөнерге қызығушылық танытып, қамшы, шыбыртқы, ат әбзелдерін жасаумен қатар түлкі мен қоян аулап, олардың терісінен бөрік тіге бастағанына 20 жылдан астам уақыт өтіпті. Ағамыз бұл өнерді алғашқыда әкесі Қашқын ақсақалдан үйренген. Біртіндеп қолөнерге деген ынта-ықыласы артқан ол бұларды жұмыстан қолы босаған уақытта өз бетімен жасап, шеберлігін шыңдай түскен.
Кезінде Шөптікөл кеңшарында көлік жүргізуші, кейін көлік тұрағының меңгерушісі болып қызмет істеген Аманжан ағамыз жан-жақты адам. Жоғарыда айтылған қолөнер шеберлігімен қатар балық аулап, аңшылықпен айналысады. Қамшы, шыбыртқы жасаудың, аң терілерін дайындаудың технологиясы туралы әңгіме өрбіткен ағамыз өзінің қолынан шыққан бұйымдардың қалай жасалғандығы туралы айтып берді. Бұйымдарды ауыл адамдарының сұранысына орай жасайды екен.
– Қамшыны, шыбыртқыны жасау үшін ірі қара малының терісін, соның ішінде көбіне өгіздің терісін қолданамын. Терінің неғұрлым қалың болғаны жақсы. Шыбыртқы қайыстан әуелі 8 өрім, одан кейін 6 өрім, сосын 4 өрім өріледі. Бас жағында ұштығы болады.
Қамшының бірнеше түрі бар. Қамшының сабына тобылғыны, жынғылды пайдаланамын. Жыңғылдың бір ерекшелігі – май жағып қыздырғанда иіледі. Қамшы сабының қисықтығы болса, оны оқтаудай тегіс етіп түзетуге болады. Аудан аумағында қамшы сабына пайдаланылатын жыңғыл да, тобылғы да өседі. Қамшыға сұраныс бар. Ауыл адамдары қамшыны қолдану үшін алады. Қалада тұратын жерлестеріміз оны қолданбаса да, төрге іліп қою үшін сұраныс беріп жатады.
Аң терілерін илегенде түрлі әдістер қолданылады. Аң терісін өңдеуде әуелі тері жақсылап тұздалады. Тері кепкеннен кейін ұнтақ сабынмен жуылып, тазартылады. Сосын бормен ысқыланады. Түлкі терісінен тігілген бас киім өте жылы болады. Баяғыда балық аулауға барғанымызда сай ішінен қасқыр шыға келмесі бар ма?! Мылтығымды оқтап, көздеп атып жібергенімде бөрі жерге сұлап түсті. Жігіттер балық аулап болғанша, қасқырдың терісін алып үлгердім. Бірақ қасқырдың терісінен бөрік тігіп көрмедім. Ат әбзелдері жүген, ноқта, тұсау, тұсамыс дайындап жүрдім. Қазір зейнеткерлік демалыстамын. Қолым босай қалса, осындай жұмыстармен айналысамын, – дейді Аманжан Қашқынұлы.
Тері илеп, одан сан түрлі қажетті заттарды жасап, ел игілігіне асырып жүрген оның бұл ізгілікті ісі құптарлық. Бұрындары ауылдық жерлерде қолөнермен айналысатындар көп болды. Жасы егде тартқан аталарымыз бен әжелеріміз түрлі бұйымдар жасап, оны жастарға үйрететін еді. Кезінде Аманжан ағаның ауылдасы болған Кеңес Қойшыбаев та қамшы, шыбыртқыларды керемет қылып жасайтын. Кеңес аға қолынан шыққан бір шыбыртқысын бізге тарту еткен. Ол кісінің анасы Мағия шешеміз тері илеумен айналысты. Қоян, түлкі мен қарсақтың терісін шебер илеп, біздерге көрсетіп, түсіндіретін. Аманжан аға да сол кісілер сынды білгенін өзгеге үйретуге әзір тұратын аға ұрпақ өкілі.
Қол өнерімен айналысатыны өз алдына, ағамыз көктем шықсымен ауласына бау-бақша салып, терім кезінде одан әжептәуір өнім алады. Жиған бақша өнімдерін қыстай азық қылып, адал еңбегінің жемісін көріп жүрген отбасының еңбекқорлық қасиеті көпке үлгі.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz