Ең болмағанда ойын алаңдарының қауіпсіздігін қайта бір қарап, сүзіп өттік пе?!
Фото дереккөзі: kazbilim.kz
Суға шомылатын жерлерге бақылауды күшейттік пе?! Сол баяғы «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар» деп, жауапкершілікті өздерінен әрі ысырып тастаудан көп асып кете қойған жоқпыз. Қашанғы әдетімізше, «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады» деп зулата қайталап қойып, дағдылы жиындар мен жарыстардың ұзын санын биік мінберлерден айтып, яки баспасөз беттері мен әлеуметтік желілерде бәрін қатырып жатқандай көз қылып езбелеп жаза бергеннен қоғамымыздың «бала» атты қорғансыз бөлшегіне келіп-кетер ештеңе жоқ. Нақты қамқорлық «картасын» жасау, ауыл, қала, көшелерде бала өміріне қатерлі нүктелерді анықтап, есепке алу, тиісті мекемелермен біріге қимылдау сияқты кешенді іс-жоспар бар ма екен осы?
«Жаз жайнатып, күн күлдіріп...» лагерьлерде демалып жатқан балалар туралы жапырақ-жапырақ хабарларды көзім шалған сайын, көктей солып, қынадай қырылып, алуан түрлі жағдаймен үзіліп кетіп жатқан балалар ойға оралып, қамығыңқы ой кептеледі көкейге.
Жол апаты, су апаты, от апаты, қойшы әйтеуір, адам баласын торыған қатер көп. Соның ішінде балалар қазасы туралы есту ауыр.
«Қуантсаң, баланы қуант» дейтін халық едік, «Қорғасаң, баланы қорға» дейтіндей жағдайға жеттік бүгінде. Ойнап жүріп токқа түсіп, екі қолынан қатар айырылып қалған бүлдіршінді естіп қанша адам жылады екен. Қанаттары топшысынан қиылған балапандай жәутеңдеген балақайды алда қандай тағдыр күтіп тұрғанын ойлағанда жүрегің езіледі. Болды, енді қанша аяп, қанша көмек берсең де, қарапайым екі қолының орнында болғанына жетпейді. Енді өспейді ол.
Әлгі «Балалар жылының» жоспар-бағдарын жасағанда «ашық тұрған трансформаторларды есепке алу, қауіпсіздік шараларын алуға ықпал ету» дегендей бір нәрселер қарастырмап па сол ауылдың ұстаздар, ата-аналар ұжымдары? Сол жайлы сұрамап па, сегіз күнде тоғыз қағаз талап етіп зіркілдеп отыратын басшылары?
Балалар келе жатқан аутобустардың маңдайына «Осторожно, дети!» (ұлты басқа шопырлар да түсінсін дейтін болар...) деп, табақтай жазу іліп қоюшы еді бұрын, енді бала жолаушысы бар көліктердің бәрінде сондай ескерту-тақташа болуын талап етіп және бала әкеле жатқан машинаның өзіне де, жолда ұшыраған басқа көліктерге де қосымша ережелер шығару керек пе, әлде? Бізде жоғары лауазымды басшылардың көліктері келе жатқанда ғана аттың басын іркеді ғой басқалары, онда да жол полициясы инспекторларының қатаң талабымен...
Тамыз да басталды. Енді бір айдан соң мектептер есіктерін айқара ашып, шәкірттерін күтіп алады. Қанша бала қайта оралмай қалды екен? Қанша ата-ана қайғы жұтып, баласының қабірін құшып отырар екен 1-қыркүйекте...
«Қатеге ем жоқ» десе де, «Сақтансаң, сақтармын» деп өмір шартын санаға егіп кетпеп пе еді бағзы даналар. Санаға не болған?
Күні кеше ғана ойын алаңында болған қайғылы оқиға мүлдем оғаш. Өзі футбол алаңы болады да, оның ойын қақпасы дұрыс бекітілмейді. Ол қалай қабылданған? Қашаннан бері солай тұр? Балаларды қорғау жұмысы кімнің мойнында? Кім қарайды мұны? Саны да, жауабы да жоқ сұрақтарды қалдырып, 11 жасар ұл басы жарылып, өмірден кете барды... Үстіне қақпа құлап.
Қазір бала қайтыс болған жерге гүлдер мен ойыншықтар әкеліп қойып жатыр. БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі баланың алған жарақаты өте ауыр болғанын мәлімдеді.
«Бала ашық ми-бассүйек жарақатын алған. Сағат 22.10-да қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Жағдайы ауыр деп бағаланды. Дәрігерлердің қанша тырысқанына қарамастан, ол алған жарақатынан жарты сағаттан кейін қайтыс болды» деп түсіндірді ведомство өкілі. БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның оқыс жайт ретінде тіркелгенін атап өтті. Баланың денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Қайғылы оқиға болған спорт алаңы кімнің балансында екенін Орал қаласының әкімдігі кейінірек хабарлауға уәде берді» деген қасаң жолдардың өзінен «аза бойың қаза тұрады».
Мұндайға әбден еті өліп, бала өлімін «бит шаққандай» сезінбейтін қоғамға айналып кеткендейміз. Не істеу керек? Қағазбен емес, тірі адаммен, жүріп жұмыс істейтін кез келген жоқ па? Адамның тууынан өлуі оңай болып кеткені несі?
Бүгінгі біртүрлі заманда ит екеш ит те жау, хайуанға үстемдік беріп, адам баласын әлдебір заңсымақтарға кіріптар етіп қойған. «Босағасына ит сарып кетсе, құт қашады» дейтін ырымды естуші едік, тілдері салақтап үйір-үйірімен көшелерде жөңкіген иттер сарымаған жер қалмаған да шығар-ау. Бәрінен бұрын, ертең оқу басталғанда, онсыз да зілқаратас сөмкелерін әзер көтеріп мектепке барып келер жолда жүретін оқушылар үшін ол да бір қатер. Оның шешімін, жоспар-шарасын ойластырып жатқан кім бар дейсіз. «Қойын алдырып, қорасын бекіту» ғой біздікі (онда да, бекіте алса деңіз...)
Науқаншылдық – сүйексіңді ауру болып кеткелі қашан бүгінгі қоғамда.
Міне, қарай қойыңыз:
«Батыс Қазақстан облысының Балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары жасақталып, ағымдағы жылға 85 іс-шара жоспарланды. Бұл жоспарда балалардың сапалы білім алу, мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтарын, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын іске асыру, денсаулықты нығайту және қорғау, балаларға арналған инфрақұрылымды және балалар индустриясын дамыту, толыққанды қосымша білім алу мен тәрбиелеу бойынша 7 түрлі бағытты қамтитын кешенді іс-шаралар қамтылды.
Білім беру мекемелерінде балалар жылы аясында «Тарихи тұлға ұрпағымыз» жобасы, «BILIM HIGH» («БІЛІМ BATTLE», «BILIM БӘЙГЕ») телевизиялық жобасы, «JuniorSkills-2022» аймақтық біріншілігі, «ЭКОМЕКТЕП», «ЭКОБАЛАБАҚША» жобалары іске асуда. Сонымен қатар мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында жүзеге асырылған қалалық 44 мектептің асханасын аутоматтандыру жүйесіне қосу, облыстың 99 мектебіне 247 пәндік кабинетті, мектеп жиһаздарын, балаларды тасымалдауға арналған 54 мектеп аутобусын сатып алу жоспарлануда.
«Іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру барысында балалардың өмір сүру жағдайларын жақсарту, дамыту үшін қажетті шараларды қаржыландыру қарастырылды. 2022 жыл бала құқығына қатысты мемлекеттің батыл қимылдары жүзеге асатын берекелі, тиімді жыл болады деп сенеміз», – деп сендірді сәуір айында облыстық білім басшылығы биік мінберден... Манағы айтқан, балалардың өмір қауіпсіздігіне бақылау жасау, жалпы рейдтер ұйымдастырып, қатерлі нүктелер туралы мәліметтер жинақтау һәм дабыл қағу сияқты ештеңе жоқ! Маңдайына тоқ етіп сабы тимесе, яки біреу талап етіп, тапсырма бермесе, жерде жатқан тырнауышты көтеріп қоюға мойны жар бермейтін жергілікті билікке қалғуға мүмкіндік қалдырмайтындай тетіктерді қарастырған жан-жақты жобалар жұмыс істеп тұруы керек қой, дұрысы. Жоспарлар жоғарыдан емес, төменнен, алқаласа отырып, қайнап шығуы керек, әсілі.
Әйтпесе, әйнек кеңселердің үстіңгі қабатындағы шенеуніктердің «саусақтан сорып» шығарып, аспанға қарап отырып құрастырған «көзәйнек бағдарламаларын» орындап, соның есебін жазамын деп қолы талған, көзі суырылған мектеп бір жақта, жиын-жарысқа қатысқаннан басқаға керек болмай қалған бала екінші жақта, баланы адам деп қарау керек екенін ойлауға «ақылы жетпейтін» ересектер өз беттерінше үшінші жақта лағып, осылай кете береміз.
...Тамыз келді. Қыркүйек қылаң беріп тұр.
Балалар аман жетсе екен қоңыраулы қыркүйекке – «балалар жылы болса да, болмаса да!». Жыл ғана емес, жалпы адам өмірінің өзі түп-түгел балаларына арналмай ма?..
Дариға Мұштанова,
zhaikpress.kz