5.08.2022, 9:45
Оқылды: 97

Алаяқтар қоңырау шалатын жалған телефон нөмірлері бұғатталады - министр

Елімізде интернет пен телефон арқылы алаяқтық жасау фактілері көбейіп кетті. 2016 жылы 1 мың дерек тіркелген болса, 2021 жылы 21 мыңға жеткен. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

_razvody_650x410

Фото: azh.kz

Ведомство басшысы ішкі істер министрі Марат Ахметжановпен бірлесе өткен кеңесте интернеттегі алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланғанын мәлім етті.

«Қазіргі уақытта байланыс операторларымен бірге осы мәселеге қатысты бірлескен іс-шараларды жүзеге асырып жатырмыз. Алаяқтармен күресудің тиімді әдістерінің бірі – жалған нөмірлерді бұғаттау. Қыркүйек айының соңына дейін байланыс операторлары алаяқтар қоңырау шалатын жалған телефон нөмірлерін анықтап, бұғаттайтын болады.

Цифрлық даму министрлігі азаматтардың қауіпсіздігін ескере отырып, ұялы нөмірлерді тіркеу кезінде биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізуді қарастырып жатыр. Осылайша, біз телефон нөмірлерінің бөтен адамдарға тіркелу жағдайларының алдын алғымыз келеді», - деп жазады Бағдат Мусин.

Сондай-ақ, министрлік интернеттегі алаяқтыққа қарсы ақпараттық-түсіндіру бағытында банктермен тығыз әрекет жасауды ұсынады.

«Өйткені, алаяқтық фактілер көп жағдайда банк операцияларымен тікелей байланысты. Банк қызметкерлері тұрғындарға хабарласқан уақытта, оның шынымен де банктен хабарласып тұрғанына көз жеткізу үшін SMS-хабарламалар арқылы сәйкестендіру жүйесін енгізуге болады», - дейді министр.

Кездесу барысында Қоғамдық кеңес мүшелері алаяқтарға және олардың айла-амалдарына қатысты барлық мәліметтер енгізілетін арнайы платформа құруды ұсынған.

«Біз ұсынған бастамалар проблеманы түбегейлі жоймайтынын атап өткім келеді, бұл – мәселені шешудің бір ғана бөлігі. Сондықтан, технологиялық тұрғыдан басқа, арнайы жобалар арқылы халықтың қаржылық және заңдық сауаттылығын арттыру бағытында жұмыстарды күшейтуіміз қажет», - деп түйіндейді Бағдат Мусин.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале