Ауылын жандандырар жас отбасыларды қоныстануға шақырып отырған Дуана ауылына көгілдір отын келді.
Дуана – облыс орталығынан 145 шақырым, округ орталығы Сарыөмір ауылынан 25 шақырым қашықтықта жатқан шалғай ауыл. 30 түтін, 120 тұрғын бар. Жері мал ұстауға қолайлы. Бір «әттеген-айы» - жас отбасылар жоқ, соның салдарынан бастауыш мектеп жабылу алдында тұр. Сондықтан, дуаналықтар табиғи газ желісінің келуін «жастар келіп, ауыл толар» деген үмітпен ұштастырады.
- Ауылға жоғары қысымды газ желісінің тартылуы 2021 жылы басталған болатын. Мердігер "Әлия-Сервис" ЖШС өз жұмысын аяқтап, газ құбырын жеткізді. Ауылдағы әлеуметтік мекемелер – медициналық пункт пен бастауыш мектеп ғимараттары әзірге желіге қосылған жоқ. Ал, ауыл ішіндегі газ құбырын тарту, тұрғын үйлерді қосуды ауыл тұрғындары "Нұржан" ЖШС сеніп тапсырып отыр,- дейді Шалқар ауылдық округінің әкімі Сабырбек Мусин.
Енді дуаналықтар тез арада жинақталып, үйге газ кіргізуге қам жасаса, алдағы қысты көгілдір отын қызуымен өткізер еді.
Тамара Жұмат,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz