Теректі ауданында асыл тұқымды ірі қарамен айналысатын 51 шаруашылық бар. Соның 13 - сүтті бағыттағы мал ұстайды. Жыл басынан бері ауданда 20 мың тоннадан аса сүт өндірілген. Сүтті сиырлар негізінен төрт шаруашылық пен өнірістік кооперативтерде шоғырланған.
Мәселен, «Ақас» агрофирмасы» ЖШС сүт-тауарлы фермасы 402 голштин сиырынан 4000 тоннаға жуық сүт өндіреді. «Покатиловка» ЖШС 60 бас, «Ақжайық» сүт-тауарлы фермасы» ЖШС 50 бас симментал сиыр сауып отыр.
Қазірдің өзінде 156 бас симментал сиырдан тәулігіне 450 литр сүтті ақбұлақтай ағызып отырған Подстепное ауылдық округіндегі «Төлеңгіт» ШҚ бұл бағытты мықтап қолға алды.
«Аграрлық несие корпорациясы» арқылы несие рәсімдеген шаршуашылық басшысы Қанат Дакишев Павлодар облысынан тағы 120 бас симментал тұқымды қашар сатып алған. Ауылға жеткен қашарлар әзірге оқшаулауда.
Тап осы жолмен Ақжайық ауылдық округіндегі «Абай» қожалығының басшысы Талғат Қайнекешов те сүтті сиыр табынын 55 бас симментал қашармен толықтырды.
Былтыр грант алып, өндірістік кооперативтерге біріккен теректіліктер 129 бас сүтті қашарды сол Павлодар облысынан алған болатын. Биыл мемлекеттік грант алуға өтінім берушілер арасынан сүтті бағыттағы мал алуға 119 адам ниеттеніп отыр.
Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің Орал қаласы маңында «сүт белдеуін» қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында жасалып жатырған осы шаралар жалғасады.
Тамара Жұмат,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz