8.08.2022, 9:00
Оқылды: 64

Жергілікті жолдардың тең жартысы жақсармақ

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Менеевтің өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте мәлім еткеніндей, Батыс Қазақстан облысында жергілікті маңызы бар аутожолдардың жалпы ұзындығы – 4 762,1 км. Оның ішінде облыстық маңызы бар – 1620 км, аудандық маңызы бар –  3142,1 км. Осы жолдардың 39%-ы немесе 1857,2 шақырымы жақсы деңгейде сақталған.  

жол жол

Биыл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде жергілікті жолдарды дамытуға республикалық бюджеттен 23,8 млрд және жергілікті бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлініп, 60 жобаны (21 –ауыспалы, 39 – жаңа) іске асыру жоспарланған. Бөлінген қаражатқа жалпы 94 елді мекен бойынша 360 шақырым жергілікті жол жөнделмек. Биылғы қаржыландыру көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда 2-3 есе көп. Алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша 55 жоба бойынша жұмыс басталып, 100 шақырым жол жөнделді, қалған 5 жоба бойынша конкурстық рәсімдер жалғасуда. Аталған жобалар ауқымында 12 мердігер ұйым (10 – жергілікті, 2 – жергілікті емес) жөндеу жұмысын жүргізуде.

брифинг жол

– Жобаларды іске асыру үшін 18 мың тонна битум және 96 мың тонна қиыршықтас жеткізілуі қажет. Битум қашықтығы 1 700 шақырым болатын Маңғыстау облысында орналасқан «Caspi­Bitum» зауытынан, қиыршық­тас 700-800 шақырым қашықтықтағы Ақтөбе облысының кен орындарынан теміржол қатынасы арқылы тасымалданады. Құрылыс жұмысына байланысты 18 асфальтбетон зауыты, 2 бетон зауыты және 6 теміржол торабы іске қосылған. Қазіргі кезде «Барбастау – Ақжайық – Индер» аутожолының 93-143 шақырымын күрделі жөндеу, «Чапаев – Жаңа­қала – Сайқын» бағыты бойынша 267-337 шақырым бөлікті қайта жаңғырту, «Алғай – Жалпақтал – Жұлдыз – Қарасу» автожолының 6-170 шақырымын күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталуда. Жұмыс қарқыны мен құрылыс материалдарының сапасын бақылау мақсатында «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» ЖШҚ РМК-мен 119 миллион теңгеге келісімшарт жасалды. Орталыққа қарасты зертхана мамандары биыл жол құрылыстары бойынша 60 бұзушылықты анықтады. 510 зертханалық сынақ жасалып, 66 сәйкессіздік белгілі болды. Соның нәтижесінде мердігер ұйымдарға және техникалық қадағалау ұйымдарына ескертулер беріліп, әкімші­лік құқықбұзушылық тұрғыдағы шаралар қолданылуда. Жыл соңына дейін жергілікті жолдардың қанағаттанарлық күйдегі үлесін 50%-ға дейін жеткізу жоспарланған, – деді Айдар Менеев.

Нұрлан Ғаппар,

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале