8.08.2022, 15:53
Оқылды: 40

Полиция: Кәсіпкерді өлтірген күдіктілер өмір бойына бас бостандығынан айырылады

Бүгін БҚО ПД қабырғасында шұғыл брифинг өтті. Брифингте сөз алған БҚО ПД бастығының м.а. Жанболат Жаншин кәсіпкерді өлтірген екі күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Ұсталған екі азамат БҚО тұрғындары. Бірі 31- де, екіншісі 21- де.

Қылмыс 6 тамыз күні кешке болған еді. Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағы маңында белгілі кәсіпкер Еркін Мұханғалиевті белгісіз азамат пышақтап кеткен болатын. Кәсіпкер жедел жәрдем көлігі келгенше қайтыс болып кеткен.

Кейін полиция екі күдіктінің суретін жариялады. Бүгін таңғы 10:30-дар шамасында полиция өкілдері оларды ұстады.

- Осы қылмысты жасады деген екі күдікті 1991 жылғы және 2001 жылғы екі азамат Орал қаласындағы Телеорталық маңайындағы «Көктем» саяжайында ұсталды. Екі күдіктіні ұстауға шамамен 250-дей адам жұмылдырылды. Олардың қатарында полицияның толық жеке құрамы, әскерилер және қарапайым қала тұрғындары да бар, - деді Жанболат Жаншин.

жаншин

Ұсталған екі азамат ешқандай қарсылық көрсетпеген. Тек полицияны көрген кезде қашқан, бірақ тұрғындар олардың қалай қарай қашқанын айтып берген. Соның арқасында екі күдікті дереу құрықталған.

- Қазір олар БҚО ПД тергеуге әкелінді. Сұрақ –жауаптан кейін уақытша қамау орнына жіберіледі. Егер күдіктінің қылмысы толық дәлелденсе, өмір бойына бас бостандығынан айырылады, - деп мәлімдеді БҚО ПД бастығының м.а. Жанболат Жаншин.

жан

Екі күдіктіні не байланыстырады, екеуі таныс па? Қылмыс жасаған кезде екеуі сау болған ба? Олар кәсіпкерді қайдан таниды деген журналистер сұрағы жауапсыз қалды. «Бұл сұрақтардың жауабы кейін тергеу аяқталған соң беріледі», - деді полиция өкілдері.

Жанат Көшкінбай

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале