Триатлон – бұл бірнеше жарыс түрлерін біріктіретін спорт түрі. Жарыстың өзі спорттық жарыстың жеке түрін білдіретін үш негізгі кезеңнен тұрады. Классикалық триатлонға 3 кезең – жүзу, велосипед тебу, жүгіру кіреді, олар әр түрлі қашықтықта өтеді. Олимпиада ойындарындағы жарыстар тізіміндегі спорт көп ұйымдастырыла бермейтін спортты сырымдықтар қолға алды.
Өткен сенбі күні Бұлан ауылында Шідерті өзені жағасында «Спорт күні» кәсіби мерекесіне орай «Қайсар» спорт клубының әдіскері М.Молдашев триатлоннан ауыл біріншілігін өткізді.
Ерекше жарыс түріне қызығушылық танытқандар көп болды. Спортшылар 500 метр жүзу, 3 км велодода және 3 км жүгіруден тұратын қашықтықтарды тоқтамастан бағындырып, тартысты жарыс өткізді.
Қызықты ойын нәтижесінде - Жалғасбек Бегимов 1 орын, Эльдар Досқалиев 2 орын, Мират Молдашев 3 орын қатарынан көрінсе, Абай Темірхан «Жеңіске деген жігерлігі үшін» марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом және ақшалай сыйлықтар табысталды.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz