Бүгін Орал қаласында Еркін Мұханғалиевтің үш күндік садақасы беріліп жатыр. Марқұмның асы Асандағы ата-анасының үйінде өтті. Редакция тілшілері ажал құшқан кәсіпкердің ата-анасы мен бауырларына барып, көңіл айтып қайтты.
Қаладағы мейрамхана бизнесімен танылған Еркін Мұханғалиевтің ата-анасы кезінде дәрігер болып қызмет атқарған.
Әкесі – Темірғали Мұханғалиев тіс дәрігері болса, анасы – Сара Мұханғалиева фельдшер болған. Өмір бойы медицина саласында қызмет атқарған жандар қазір зейнетте.
Еркін Мұханғалиевтің ата-анасының үйі
Еркін Мұханғалиев отбасында екінші бала екен. Бір әпкесі, бір інісі бар.
– Бала кезінен еңбекқор болды. Таза жүретін, өте пысық болатын. Қай нәрсені де білуге, үйренуге, ізденуге құштар еді. Сегізінші сыныпты бітірген соң Оралдағы музыкалық училищеде оқыды. Кейін жоғары білім алды. Музыкант, баянда шебер ойнайтын. Спортпен тұрақты айналысты, - деп еске алды әкесі Темірғали ағай ұлының балалық шағын.
Бүгін марқұмның үш күндік садақасына туыстары, бауырлары, достары бәрі жиналған.
«Екі ұл бала, бір қыз өсірдік. Еркін үйді жақсы көреді. Үйде тамақ ішкенді ұнатады. Анасына звондап не тамақ бар дейді. Анасы не пісірсе соны рахаттанып отырып ішеді. Біз «бірнеше мейрамханасы бола тұра, бізден келіп тамақ ішеді» деп күлетінбіз», - дейді бізбен сөйлескен марқұмның әкесі.
Кәсіпкер Еркін Мұханғалиевтің әкесі
Кәсіпкердің анасы Сара апай да өмір бойы халық денсаулығы үшін жұмыс істеген адам. Ана жүрегі ұлының жоқ екеніне сене алар емес.
Кәсіпкер Еркін Мұханғалиевтің анасы
– Бәріміздің амандығымызды біліп алаңдап отыратын. Үнемі үйге келгенде мама деп құшақтап сүйеді, кетерде міндетті түрде құшақтап, бетімнен сүйіп кететін. Жасы елуге келсе де солай жасайды. Әкесі мен шешесі ол үшін бірінші орында болды. Түннің бір уағында қоңырау шалып, «ақшаларың бар ма, үйге не керек, мама, сен ауырып қалған жоқсың ба?» деп сұраушы еді. Осыдан артық бізге не керек..., - деп анасы көзіне жас алды.
Бизнесмен Еркін Мұханғалиевті ата-анасы қаза боларынан үш күн бұрын көріпті. Ол туралы бізге марқұмның әкесі айтып берді:
– Қайтыс боларынан үш күн бұрын көрдім. Үйге келіп кетті. «Асығыс жүрмін, тек амандықтарыңды білейін деп келдім. Мама, папа өте асығыспын, жұмыс көп ренжімеңіздер дастарханға отыра алмаймын тағы келем ғой» деп екеуміздің бетімізден сүйді де кетті. Сол соңғы көргеніміз екен, - дейді әкесі.
Марқұмның ата-анасы «Еркін оқиға болатын күні өз үйінде болды. Ол түнімен жұмыс істейді. Күндіз ұйықтайды. Сол күні Еркінге қоймай телефон шалып, ана жігіттер кафеге шақырыпты. Біз тек соны білеміз», - деп әңгімеледі.
– Негізі жұмысында жанжал көп болатын. Жұмысы сондай ғой. Оңай жұмыс емес қой. Мен ұлыма неге шаршайсың, босқа жүйкеңді жұқартпа деймін ғой, сонда маған «папа барып, бір күн менің орныма басқарып көрші, сосын көреміз» деп күлетін, - дейді әкесі.
Еркін Мұханғалиев көзі тірісінде көп қайырымдылық жасаған.
– Еркін қолы ашық, жүрегі кең азамат еді. Мерекелерде жетімдер үйінен балаларды алдырып, тегін тамақтандырып, мерекелік кеш ұйымдастырып беретін. Ауырып жатқандарға да көп көмектесті. Ақшалай көмегін аямайтын. Бірақ ешкімге айтпайтын. Біз оған «шақырсаңшы телевидениені, түсірсін» дейміз. Баламызды көрсін дейміз ғой. Сонда «жақсылықты айтуға болмайды» деп өзімізге ақыл айтатын, - дейді Сара апай.
Еркін Мұханғалиевтің әкесі дәрігер ғана емес, бағбан. Аулада әкесі өз қолымен отырғызған жеміс ағаштары қаулап тұр. Темірғали Мұханғалиев алма, алмұрттың бірнеше түрін егіп, өзі баптайды екен. Әрі ағайдың өз қолымен отырғызып, баптаған гүлдері де аулада жайнап тұр.
Естеріңізге сала кетейік, 6 тамыз күні қалада белгілі кәсіпкер Еркін Мұханғалиевті өлтіріп кеткен болатын. Күдіктілер қазір полицияда. Еркін Мұханғалиевтің артында ата-анасы, бауырлары, әйелі және төрт баласы қалды.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz
Фото: Динара Насыр