Жаңақал аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен 10 тамыз - Абай күніне орай «Ұлы даланың ұлағатты тұлғасы» атты әдеби-сазды кеші өтті.
Кештің мақсаты: оқырмандарды ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыра отырып, ақынның даналығын, рухани асыл мұраларын насихаттап, өлеңдерін, әндерін, қара сөздерін жатқа айтуға дағдылана отырып, көркем сөйлеуге шақыру.
Аудандық кітапхананың меңгерушісі Райгүл Даумқызы «Абай мұрасы – халық ұлағаты» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады.
Жаңақала ауданы әкімі аппаратының басшысы Айдар Қанатқалиұлы мен кітапхана ардагері Балдай Әліпқызы Абай ескерткішіне гүл шоғын қойып, сөз сөйледі.
Қуанышбек Айдарбеков «Көзімнің қарасы», Бекқали Сағынғалиев «Татьянаның хаты», Ақерке Габдуллина «Желсіз түнде жарық ай» әндерін орындаса, Лунара Қанатова жетекшілік ететін «Нұрбибі» би ансамблі «Жайлауда» қазақ биін мың бұрала биледі. Нұржан Отарбаев, Нұрлан Хамзин, Болатбек Өтешкалиев «Торы жорға» күйін тарту етті.
Қазақтың классикалық поэзиясының асқар шыңы болып саналатын – Абайдың мұрасы мол. Соның ішінде моральдық-философиялық, қоғамдық-саяси және кейіптік-сатиралық ой толғаулары болып табылатын «Қара сөздері» маңызды орын алады.
Назерке Еркінқызы «Жиырма төртінші сөз», Алида Бақтығали «Отыз бірінші сөз» қара сөздерін, кітапхана оқырманы Айбол Арыстанов «Күз» өлеңін оқыды.
Абай Құнанбаев қазақ әдебиеті поэзиясындағы шоқтығы биік, дара да, дана тұлға. Абай қазақ поэзиясының өсіп, гүлденіп, жаңа сапаға жетуіне орасан зор еңбек етті.
Кеш соңында кітапхана оқырманы Клара Құмарғалиқызы 2017 жылы Семей қаласындағы Абай мұражайына отбасымен барғандағы әсерімен бөлісті.
Арайлым Мәлікқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz