11.08.2022, 17:45
Оқылды: 62

БҚО-да өндірістегі жазатайым оқиғалардан 10 адам қаза тапты

Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері өндірістегі 33 жазатайым оқиға тіркелсе, соның үшеуі – топтық оқиға, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

7

БҚО еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Асылұлан Досжанов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткендей, өткен жылы 7 айда 32 жазатайым оқиға болған.

Оның сөзіне қарағанда, биыл жазатайым оқиғалардан 39 (өткен жылы осы мерзімде – 37) адам зардап шексе, соның 20-сы (25) ауыр деп бағаланды. 9 адам (8) топтық оқиғадан жарақат алды. 10 адам қаза тапты, бұл өткен жылғыдан (4) 60 пайызға көп.

«Соның ішінде 5 адам құрылыс саласындағы кәсіпорындарда қайтыс болды. Төрт жұмысшы биіктіктен құласа, біреуі жердің опырылуы салдарынан көз жұмды», - деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, жол-көлік оқиғасынан (2 адам) және қозғалатын, ұшатын, айналатын заттар мен бөлшектердің соғуынан (1 жағдай) бюджеттік ұйымның 3 қызметкері мерт болды.

Ауыл шаруашылығы саласында 2 қызметкер көз жұмды. Оның біреуі жұмыс орнынан шығып, белгісіз жағдайда шөп ұсақтағышқа түсіп қалған. 1 жұмысшыны (құс өсіруші) цехқа тиеу аймағында (белгісіз себептермен болған) трактор жүргізушісі артқа бергенінде байқамай басып кеткен.

«Жазатайым оқиғаларға жүргізілген арнайы тергеп-тексеру нәтижесі көрсеткендей, негізгі себептер – жұмыстың тиісінше ұйымдастырылмауы, қызметкерлерді жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етпеу, еңбектің қауіпсіз тәсілдеріне оқытудың жеткіліксіздігі, сондай-ақ зардап шегушілердің өздерінің өрескел абайсыздығы. Тағы бір атап өтетін жайт, жұмыс берушілер қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту, нұсқау беру, білімдерін тексеруді жүргізбейді. Қызметкермен еңбек шартын жасаспай, жұмысқа жібереді, жұмыс орындарында және технологиялық процестерде жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында алдын алу шараларын жүргізбейді. Оған қоса, жазатайым оқиғалар жасырын қалып жатады», - деді А.Досжанов.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале